16 Қыркүйек, 2021 442

Аймақ басшысы Атыраудағы маңызды әлеуметтік нысандарды аралады

«Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов қаладағы маңызды әлеуметтік нысандарды аралады»,-деп хабарлайды Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі.


Өңір басшысы алдымен күрделі жөндеуден өткен, мүмкіндігі шектеулі жандар мен қарт адамдарға арналған «Отбасын қолдау» орталығына барды.
«Қазіргі сәтте күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталған, интернет желісі мен жүйеге қосылу жұмыстары ғана қалып тұр. Күні бүгінге дейін демеушілікпен 16 компьютер алынды. Мұнда Атырау қалалық жұмыспен қамту орталығының 53 қызметкері, 16 кеңес беруші және атаулы әлеуметтік көмек секторының 13 маманы, барлығы 82 адам еңбек етеді»,-деді Атырау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нұрлы Қабиева.
Мұнда сондай-ақ, Атырау қалалық жұмыспен қамту орталығы орналаспақ. Орталықты жоспар бойынша 4 қазан «Қала күніне» орай ашу жоспарлануда.
Одан соң облыс әкімі Жерұйық ықшам ауданындағы «Фин қазандығының» жұмысымен танысты.
Қуаты 120 МВт құрайтын қазандық жылу электр орталығынан алынатын желілік суды қосымша жылыту арқылы қаланың оң жағалау бөлігіндегі 328 тұрғын үйді жылумен және ыссы сумен қамтамасыз етеді. Мамандардың айтуынша, қазандықтың жұмыс қуатын 2025 жылы 267 МВт-қа, ал 2030 жылы 407 МВт-қа дейін ұлғайту көзделіп отыр.
Махамбет Досмұхамбетов қыс мезгілі келе жатқанын ескертіп, қазандықтың тиісті деңгейдегі жұмысын қамтамасыз ету қажеттігін баса айтты.
Келесі нысан - қаланың «5-ші шақырым» деп аталатын жеріндегі қоқыс өңдеу кешенінің құрылыс жұмысының басталғанына бір ай болған, қазір кешеннің қабырғалары тұрғызылуда.
«Мұнда 80 қызметкер жұмыс жасайды. Күніне 140 автокөліктік қоқыс жиналады. Пластик, әйнек сынды материалдар қайта өңделеді, ал ойыншықтар, сіріңкелер, темекі тұқылдары сынды кейбір қоқыс қалдықтары қайда өңдеуге келмейді.Сондықтан, қоқыстардың 45-50 пайызын қайта өңдеуге мүмкіндігіміз болады»,-дейді «ГринСитиКлининг» ЖШС директоры Әзілхан Байбатыров.
Аталған кешен жыл аяғына дейін іске қосылмақ.
Облыс әкімі Еркінқала-2 ықшам ауданындағы жол құрылыс жұмыстарымен танысты. Қазіргі таңда «АтырауИнжстрой-АИС» ЖШС мердігерлік ететін құрылыс жұмыстарында 8,3 шақырым жол төселген.
Өңір басшысы мердігер мекеменің жауапты өкілдеріне жол сапасының бақылауда тұрғанын айтты.
Сондай-ақ, аймақ басшысы ұзындығы 511,4 метр болатын «Балықшы-Жұмыскер» көпірінің жөндеу жұмыстарымен танысты. Осы жылдың 3 тамызында басталған жөндеу жұмыстары аяқталуға таяу. Жөндеуге жауапты тұлғалар көпір 20 қыркүйекте пайдалануға берілетінін айтты.
Махамбет Досмұхамбетов Балықшы ықшам ауданынан Зарослый ауылына дейінгі 5,7 шақырым құрайтын автокөлік жолдарының жөндеу жұмысын да қарап шықты.
Жоба бойынша жол төсемін 4 жолаққа, яғни 15 метрге дейін кеңейтіп, бірнеше жаңа жол белгісін орнату қарастырылған.
Береке ықшам ауданындағы 1200 орындық орта мектептің құрылыс жұмыстары толық аяқталған. Десе де, №42 орта мектеп директорының міндетін атқарушы Өнербек Ерғалиев автокөлік тұрағын жасап, жақын жерге қауіпсіздік үшін полиция пунктін ашуды ұсыныс етті. Өз кезегінде Атырау қаласының әкімі Қайрат Оразбаев 50 автокөлікке дейін тұрақ жасақталып, полиция пунктін ашу мүмкіндігі қаралатынын жеткізді.
Махамбет Досмұхамбетов мектеп басшысына осы бастан жаңа мектептің ғимаратын мұқият қарап, кемшіліктерді қазірден-ақ қалыпқа келтіру қажеттігін ескертті.
Одан соң облыс әкімі Береке ықшам ауданындағы 72 пәтерлік 9 үйдің құрылыс сапасын қарады. Жалпы саны 648 пәтерді құрайтын үйлердің 7-і толық аяқталған. Тұрғындар 3 үйге бастап қоныстанып жатыр. Қалған жұмыстар қыркүйек-қазан айларында толық аяқталып, тұрғындарға пәтер кілттері табыстау жоспарда екені мәлім етілді.
Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов жауапты тұлғаларға халық үшін жасалып жатқан барлық нысандардың құрылыс жұмыстарының сапасына ерекше мән беріп, мерзімінде аяқтауды міндеттеді.


Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда