14 Қыркүйек, 2021 400

Махамбет Досмұхамбетов еңбек заңнамасының қатаң сақталуын талап етті

«Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің төрағалығымен Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі комиссияның отырысы өтті»,-деп хабарлайды Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі.


Жиында Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов аталған комиссияның жұмысы туралы баяндады.

«2021 жыл басынан Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі  комиссияның 53 отырысы, оның ішінде, 15 облыстық, 38 қалалық, аудандық комиссияның отырысы өтті. 

Облыстық комиссия отырысында 33 мәселе қаралып, 58 ұйым тыңдалды»,-деді ол.

Облыстық Мемлекеттік еңбек инспекция басқармасының басшысы Игілік Әубәкіров өндірістегі еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау шаралары жөнінде ақпарат берді. 

«Облыс әкімінің өкімімен құрылған жұмыс тобы өңірдің 3744 кәсіпорындары мен ұйымдарын мониторингпен қамтыды, оның нәтижелері бойынша 6 кәсіпорынның 393 жұмыскердің алдындағы жалпы сомасы 100.8 млн. теңге көлеміндегі жалақы бойынша берешегі анықталды. Қабылданған шаралармен берешек толық көлемде төленді»,-деп мәлімдеді И.Әубәкіров. 

Басқарма басшысының айтуынша, ағымдағы жылы мемлекеттік еңбек инспекторлары 163 тексеру жұмыстарын жүргізіп, 239 заң бұзушылық анықтаған. Нәтижесінде жұмыс берушілерге 120 ұйғарым беріліп, әкімшілік құқық бұзушылық туралы 131 іс қозғалған және 9,5 млн. сомаға айыппұл салынған.

Жиын соңында аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов сала басшыларына бірқатар тапсырмалар берді. 

«Жұмыс берушілерде еңбек заңнамасының, оның ішінде еңбек қауіпсіздігі және талаптарының сақталуына, жазатайым оқиғалар мен өндірістік жарақаттану мәселелеріне  бақылауды күшейтуді тапсырамын. Еңбек ұжымдарында наразылық тудырмау, еңбек заңнамасының бұзылуына жол бермеу үшін ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуі қажет»,-деген өңір басшысы «Теңізшевройл», «Ембімұнайгаз» компанияларымен бірлесе отырып, қызметкерлердің сұраныстарының, туындаған мәселелердің заң шеңберінде уақтылы шешілуін қадағалап, еңбек заңнамасының бұзылуына жол бермеу шараларын алуды тапсырды.  

Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары мен мұнай компанияларының өкілдері, сондай-ақ, селекторлық режимде қала және аудандар әкімдері қатысты.


Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда