11 Маусым, 2021 8998

БЕЙБІТ ӨМІРГЕ ҚҰШТАРЛЫҚ САЯСАТЫ

БЕЙБІТ ӨМІРГЕ ҚҰШТАРЛЫҚ САЯСАТЫ


лонгрид мақаланы оқуға 15 минут уақыт керек


          Қазақ халқы өз тарихында тәуелсіздікке, әділдікке, адалдық пен шыншылдыққа, батылдыққа ұмтылған ел болып қалыптасты. Қазақ ұлты – бүгінгі жастар мен болашақ ұрпаққа өнеге боларлық тұлғаларды туғызған дана ұлт. Кесек сөз бен ірілікті жас ұрпақ ұмыта бастады десек те, кесектік пен ірілік халықтың рухани жадында мәңгілікке жазылған. Жүрегі қазағым, елім деп соққан ұландардың бойындағы бүгінгі ұлтым дегенде жанын беруге дайын тұратын батырлық соның көрінісі. Бес адамның басы қосылған жиында Елінің амандығын тілеген сөздер бөтен көзге оғаштау көрінгенімен ұлттың көңілін айғақтап тұр. 

Міне, Қазақ елі осындай!



          Бұл мақалада мен Қазақ елінің бейбіт саясатының негізінде қандай қағидалар мен себептер, іс-әрекеттер жатқанын көрсеткім келді. Мақсатым – Қазақ елінің Тұңғыш Президенті – Елбасының саясатында ешқандай кездейсоқтық жоқ екенін көрсете отырып, бүгінгі жастар мен болашақ ұрпаққа ұлтымыздың қайраткерлігі мен даналығын көрсету. Отанына деген патриоттық сезімдерін күшейтіп, құрметін арттырып, «Мәңгілік Ел» идеясын іске асыруға үлесін қосу жолдарын ұсыну. «Мәңгілік  Ел» идеясына өз үлесін қосатын әрбір қазақ жасының бойындағы өмірге деген құштарлығын күшейту.


Зерттеу мақаламның гипотезасы – қазақ ұлтының бейбіт өмірге деген құштарлығы, тарихта жүріп өткен жолдары мен халықаралық деңгейде мойындалған, беделді мемлекет дәрежесіне көтерілуінің арасында логикалық қисын бар екенін дәлелдеу. 


          Мемлекет пен ұлтымыздың дамуы үшін әрбір азамат өз өмірінде елдің, қоғамның мүддесімен санасып жұмыс істеуі керектігін нақты инновациялық жобаммен көрсеткім келеді. Мен ұсынған «Elmen» (Ел және Мен) атты инновациялық жобаны іске асырсақ, әрбір жас азамат өзінің күнделікті іс-қимылын, арман мен мұраттарын Отанымыздың өркендеуімен үйлестіріп жүргізе алады деп ойлаймын. Ұсынысымның Elmen деген атауында да терең символизм бар. «Елмен көрген – ұлы той» деген керемет қасиетті сөздер қазаққа Жаратушы сыйлаған мінезді айшықтайды. Біздің батыр бабаларымыз жақсылықты да, қиындықты да иықтарын қосып бірге көрген ғой! Елбасының қайталай беретін «бізге бірлік керек» деген сөздерін жастардың Y пен Z буынына өз тілінде түсіндіру керек деп ойлаймын.

          Ғасырлар бойы тәуелсіз болуға ұмтылған елінің арманына қол жеткізгенін көріп, сондай тарихи кезеңде ел басқарып, халқының алғысына бөленуден артық қандай бақыт бар! 


Ежелгі «түркі халқы үшін түнде ұйықтамаған, күндіз отырмаған» Білге қаған мен Күлтегіннен бастап, Абылай мен Кенесары хандар, Әлихан Бөкейханов, Дінмұхаммед Қонаев бекіткен сабақтастықты бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жалғап келеді. Жоғарыда айтылған сөз осы ұлы адамдардың әрқайсысына да қатысты.





          Ұлы перзенттерінің қайрат-жігерімен бүгінде Қазақ елі – әлемдік ақыл-ойдың қорына өзінің олжасын салған, парасат шыңына көтерілген, әлемдік гуманистік ой-сананы дамытушы ұлт болып еніп отыр. Бұл сөздердің барлығының дәлелдері бар, тарихымызбен таңбаланған шындық. Әлемдік деңгейдегі ұлы халықтар деп – өз ұлтының мүддесін қорғап, сол мүддеге жауап беретін идеяны барша адамзатқа игілік сыйлайтындай формада ұсынатын ұлттарды атауға болатын шығар.

          «Биік шыңның айбыны мен ұлылығын мойындау үшін оны қашықтан тұрып бақылаңыз. Оның сыртқы түрі мен пішінін анықтағыңыз келсе тауды айналып шығуға тура келеді. Аспанға шаншылған биіктің мінезін білгіңіз келсе оны жылдың, күннің әртүрлі мезгілінде: таң сәріде, күн батарда, шаңқай түсте, жым-жырт түнде, қар мен жаңбырда бақылаңыз. Тауды осылай зерттесеңіз ғана оның ішкі мазмұны мен тұңғиық сырларын ашасыз. Таулар да адамдар сияқты өседі, кемелденеді. Өйткені, биік шыңның табиғатында өмір үшін күрес бар. Олар айналасына өмір нәрін төгеді! Осы қасиетінің шегінде оның ұлылық сарынын көреміз!» Бұл керемет теңеулерді будда ілімін насихаттаушы, жиһангез Лама Говинда өзінің «Ақ бұлттардың жөңкілуі» атты кітабында келтірген екен.



Бүгінгі Қазақ елінің саясатындағы бейбіт өмірге құштарлығын дұрыс бағалау үшін де уақыт пен шындықты мойындау қажет сияқты.


          Өзінің сенімі мен өмірлік қағидасынан ауытқымайтын қазақ халқының атынан 1992 жылғы және 2015 жылғы Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінен Нұрсұлтан Назарбаевтың айтқан екі сөздің арасында 23 жыл уақыт өткен. Осы кезеңде әлемде түбегейлі өзгерістер орын алды, үлкен саяси-экономикалық дағдарыстар болды, аймақтық қақтығыстар мен соғыстар жиі-жиі тұтанып тұрды. Қазақстан 1993 жылы Ядролық қаруды таратпау туралы Келісімді ратификациялады. 2015 жылы БҰҰ Қазақ елі ұсынған Ядролық қарусыз әлемнің жалпыға бірдей декларациясын қабылдады.





          Халықаралық қауымдастық әлемді ядролық қарудан босату мәселесінде атом қаруынан өз еркімен бас тартқан мемлекет ретінде Қазақ елінің рөлі мен ұстанымын жоғары бағалауда. Бүгін де қазақ халқының бейбіт өмірге, әділетті қарым-қатынастарға үндеген позициясы ешбір өзгерген жоқ. Қазақстанның әрбір бастамасы – бейбіт өмірді, достық пен өзара сенімді нығайтуға, мемлекеттер арасындағы әділетті, екі тарапқа да тиімді байланыс орнатуға, қарапайым адамдардың тұрмысын жақсартуға бағытталған.


          Жасампаз өмірді жасауға аянбайтын күрескердің сенімін қазіргі халықаралық күн тәртібіндегі мейнстриммен толысқан Қазақ елінің манифесінен де көреміз. Манифесті 2016 жылдың 31-наурызында БҰҰ-дың биік мінберінен Қазақ Елінің атынан Н.Ә.Назарбаев ұсынды. Дәл қазір менің замандастарым осы манифесті қайта оқып, оның басты концепциясы мен 5 бағытына көңіл бөлсе екен деп ойлаймын. Бұл манифестің басты мазмұны – XXI-ғасыр соғыссыз ғасыр болсын, әлем халықтарының тағдырына жауапкершілікпен, жанашырлықпен қарайық, жас ұрпақтың болашағын ойлайық, олардың өмірін жақсартайық деген ізгілік формуласында жатыр. Манифестің іргетасы адамзат өркениетіне төнген қауіпті сейілту мен гуманитарлық апаттан сақтандыруға деген ізгі ниетпен қаланған.


Әлемдік және аймақтық саясаттың беделді мүшесіне айналған қазақ мемлекетінің адамзат болашағын қауіптен құтқаруға шақырған үндеулері – Қазақ елінің бейбіт өмірге үндеген жасампаздық парадигмасының нәтижесі екені күмән тудырмайтын қағида.


          Қазіргі заманғы барлық мемлекеттердің дамуы мен гүлденуі тек қана сол мемлекеттің ішіндегі тұрақты саяси жағдаймен байланысты. Экономикасы өте дамыған мемлекеттер бүгін дамудың басты кепілі деп ішкі саяси келісімді айтады. Сондықтан да, жоғарыда айтылған еліміздің дамуы мен бейбіт өмір саясатын негізге алып, цифрлық технологиялар үстемдік құрған заманның сұранысына жауап беретін жоба ұсынғым келеді. 

          Бұл жоба бойынша Интернет желісінде «Elmen» атты ресурс ашуды ұсынамын. Айтылған ресурстың басты мақсаты – жастардың күнделікті іс-әрекеттеріне өздерінің баға беру мүмкіндігін ұйымдастыру. Өзіне, отбасына пайдалы істер жасай алатын жас азамат ертең өскенде Елінің тағдырына қатысты істерді де жақсы нәтижемен, бар жинаған білімі мен өмірлік тәжірибесін қолданып, ар-ожданы алдында шыншыл болып атқара алады. Осылайша жастайынан жинақылыққа, уақытын дұрыс ұйымдастыруды үйренген жас қазақстандық болашақта да өзінің адами ресурсын толық өзіне, отбасына және Еліне қызметке қояды. Ол – отансүйгіш, жанашыр, көпшіл, шыншыл және адал болып өседі. Осындай жоба арқылы жастарды өзінің іс-әрекетіне күнделікті есеп беруге, оларды жинақылыққа, ұқыптылыққа, жауапкершілікке үйретуге болады.





          Интернет ресурс портал формасында ашылады. Әрбір жас азамат порталға тіркеліп, өзі сияқты басқа да замандастарымен пікір алмасады. Тіркелген жастарға ыңғайлы интерфейс ұсынылады. Ресурстың сегменттерінің атауы: «МЕН», «ОТБАСЫМ», «ЕЛІМ» деп белгіленген.

          1-ші сегмент «МЕН» деп аталады. Бұл жерде әрбір жас азаматқа өзінің білімі мен рухани ішкі жан-дүниесін дамыту үшін, денсаулығын шынықтырып күшейту үшін не істедім деген сұрақтар бойынша жеке есебін жүргізу ұсынылады. Жеке басы қалай дамып келеді, қандай жоспарлары бар, болашақта қандай мақсаттары бар? Порталға тіркелген азамат осы сұрақтар бойынша өзінің өмірін, қызметін, істерін басқа замандастарымен пікірлесе, салыстыра отырып, ортаға салады. Бұл пікір алмасулар порталды қолданушының еркі бойынша басқалар көре алатындай ашық болуы да, анонимді түрде жабық жүргізілуі де мүмкін.

          2-ші сегмент «ОТБАСЫМ» деп аталады. Сегментте әркім өзінің отбасының дамуы үшін, отбасына пайдалы болуы үшін атасы мен әжесіне, әкесі мен анасына, бауырларына қандай үлес қостым деген сұрақтар бойынша ойларын жазатын болады. Күнделікті дағды бойынша отбасы қандай істеріне қатысқанын, қандай жаңашылдық, ұсыныстар енгізгенін, жақындарына қандай көмек көрсеткені бойынша жазбалар жазады, өздеріне есеп береді.

          3-ші сегмент «ЕЛІМ» деп аталады. Өзінің аты айтып тұрғандай бұл сегментте жас азамат елі үшін, Отаны үшін, қоғам үшін қандай пайда келтіргені туралы есеп беріп, басқалармен ойларымен бөліседі. Жастарды осылайша жай сөзбен ғана емес, нақты істермен еліне жақсылық жасауға үйретеміз.

          Жастарға өздерін алдаудың қажеті жоқ. Мысалы, жастар бірігіп соғыс ардагерінің, әлеуметтік жағдайы нашар отбасына барып ауласын тазартып, еденін жуып берсе, ағаш отырғызып, табиғатты ластамауға шақырып, өзен мен көлдердің жағасын бірігіп тазарту шараларын ұйымдастырса.


Жақсы істердің үлкені мен кішісі болмайды. Жақсылық дегеніміз – басқаларға көмек көрсету. Осының өзі жас азаматты қайырымды болып өсуге, басқалардың тағдырына жанашыр көзбен қарауға тәрбиелейді


          Мектеп оқушысы мен студенттер өзінің әрбір үлкен болсын, кіші болсын жақсы істеріне баға беріп, оны бағалап үйренеді. Осындай игі істерді көрген оның достары да бұндай қайырымдылық жұмыстарына араласатын болады. Көктем сайын отырғызылған ағаш көшеті, қаланың, ауылдың тазалығы үшін әрбір жас үлес қоса алатын психология қалыптасады. Бұл Елдің дамуы үшін, қоғамның мейірімді, жақсы болуы үшін өте қажет.

          Аталған 3 сегменттен басқа «Elmen» инновациялық порталында тарихи тұлғалар, елге аты танымал, ұлтына еңбек сіңірген азаматтардың үлгілі, өнегелі өмірі туралы ақпарат беріліп, тәрбиелік мәні жоғары шаралар ұйымдастырылатын болады.


«Elmen» порталы жастарды жақсы істерге шақыратын, үндейтін жаңашыл инновациялық ресурс болады деп ойлаймын. 


          Бұл жобамен жұмыс істейтін мақсатты аудитория 12-25 жас аралығындағы оқушылар мен студенттер. Жобаның тәжірибе түріндегі алғашқы апробациясын Назарбаев зияткерлік мектептерде өткізген дұрыс деп ойлаймын. Бізге ниеттес достар мен пікірлес адамдардың көмегімен бұл жобаның өміршең болып, пайдасы көп болатынына сенемін. Одан ары қарай бұл жобаны еліміздің басқа да мектептерінің оқушылары мен жоғары оқу орындарының студенттері қолдайды деп ойлаймын.       

          Біздің Еліміз тәуелсіздіктің бірінші күнінен бастап бейбітшілік пен қоғамдағы келісімге басты мән беріп келеді. Қазақ елі көптеген этностардың өкілдері тұратын мемлекетте этносаралық және дінаралық келісімнің үлгісін жасады. 2002 жылы 17-18 қазанда Астанаға екі күндік ресми сапармен келген БҰҰ-дың Бас хатшысы Кофи Аннан Қазақстанды «әлемнің басқа мемлекеттері үшін ұлтаралық келісімнің, тұрақтылық пен орнықты дамудың үлгісі» деген баға берген.


Бүгінгі әлемнің Қазақ Елін тұрақты, бейбіт дамудың, жаңа замандағы мемлекеттің үлгісі деп қабылдауы да кездейсоқтық емес.


          Бұның бәрі еліміз бен халқымыздың бейбіт өмірге құштарлығы, сыйластық пен достықты мақсат еткен саясатымыздың нәтижесі деп бағалаймын.

          Осы зерттеу мақаламда елде жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясаттың арқасында Қазақстанның демократиялық реформаларда болсын, экономикада болсын, мәдени-әлеуметтік салада болсын үлкен жетістіктерге жете алатынын көрсеткім келді. Ойымның бір ғана дәлелі ретінде мемлекет пен қоғам, адам үшін ең маңызды болып саналатын құқықтық саланың дамуына тоқталайын. 

          Саяси, экономикалық жетістіктер үшін қажетті құқықтық ортаны біз дұрыс таңдап алдық деп ойлаймын. Бүгінгі құқықтық сала осы күйінде қалып қалмайды. Ол жүйелі түрде дамып отырады. Соңғы жылдарда сайлау қағидалары мен заңдары өзгертілді, әлеуметтік қолдау күшейіп, қоғамның пікірін сыйлайтын мемлекет құру механизмдері іске қосылып жатыр. Яғни, уақыттың талабына сай, мемлекеттің таңдап алған өсу жолы да жетіліп, өзгертілетін болады.


Біздің елімізде қабылданған заңдар да қазіргі өмірдің жылдамдығымен бірге өзгеріп отыруы дұрыс деп ойлаймын. Бізге революциялық емес, эволюциялық даму белестері қажет!


          Бұл тұжырымымның дұрыстығын дәлелдеу үшін Америка Құрама Штаттарының Конституциясына енгізілген өзгерістер туралы өз ойымды келтірейін. Конституциялық конвент қабылдаған Американың Конституциясын 1788 жылы 11 штат мақұлдап, күшіне енгізген. Бұл құжат қазіргі түсінік бойынша әлемдегі бірінші қабылданған Конституция деп саналады. 233 жыл толатын АҚШ Конституциясында бар жоғы 7 бап бар. Осы уақытқа дейін оған 27 түзету енгізілген. Америка Конституциясының бір ерекшелігі оның «толық еместігі». Америка құрама штаттарының негізін қалаушы саяси қайраткерлер бұл қадамға саналы түрде, біле тұра барған.







            Америкалық Конституция федеративтік мемлекеттің құрылымының негізгі қағидаларын қамтиды және адам бостандығына ғана кепілдік береді. Қалған мемлекет құрылысы мен қоғам өміріне қатысты сұрақтар федералды заңдар мен штаттардың құзырында. 


          Қазақ елінде 29 жыл бойы мемлекеттің саяси құрылымы жасалып, жетіліп келеді. Елдің алға жылдам дамуына негіз болатын Конституция 1995 жылы қабылданды. Екі палаталы Парламент жұмыс істеуде. Қоғамдағы демократиялық жаңаруларды әрбір азамат сезініп отыр. Жаңаша сайлау жүйесі жасалып, ол ұдайы өзгеріп келеді. Саяси партиялардың беделі артып, олар теңдей дәрежеде билік үшін күресуге мүмкіндік алды. Партияларды тіркеу ережелері жеңілдетілді, олардың Мәжіліс пен мәслихатқа өту шегі 5% дейін төмендеді.


Осының бәрі – ойластырылған саясаттың нәтижесі, қоғамдық тұрақтылықты сақтаудағы біздің басты жетістіктеріміз. Бұл шешімдердің негізінде қазақ халқының сабырлы да, салмақты мінезі жатыр


          Қазақ халқының басты жеңісі – елімізді ешқандай революциясыз, қақтығыссыз даму траекториясына шығаруы деп айтар едім. Болашақта мемлекет басына өзінің тарих алдындағы жауапкершілігін жақсы сезінетін тұлғалар келеді деп сенемін. Өйткені, көпшілік халықтың қалауы осындай. Жоғарыда ұсынылған «Elmen» жобасы арқылы біз тұрақты дамып отырған Қазақ елін, бейбіт өмір сүріп, өсіп келе жатқан ұрпақты көрсетеміз, оларға дұрыс бағыт ұсынамыз. Жобаның көмегімен әлеуеті жоғары, ертеңгі күнін болжай алатын, ұлттық мүддені жеке мүддеден биік қоятын қоғам құруға, Y, Z ұрпағын тәрбиелеуге үлесімізді қосамыз. Тәуелсіз Қазақ елінің және оның халқының 30 жылдағы жеңістерінің себебін бейбіт өмірге құштарлық саясатымен түсіндіру үшін де «Elmen» (Ел және Мен) жобасының маңызы үлкен деп ойлаймын.





Бегім Құтым,

ATPress.kz тілшісі



Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда