30 Наурыз, 2021 6054

Атырауда алып қортпа балығы ауланды / ВИДЕО

Атырау балықшылары Жайық өзенінде салмағы 150 кг қортпа балығын ұстады, деп хабарлайды ATPress.kz


Кеше түнде, 29 наурызда «Амангелді»  ЖШС балықшылары Жайық өзенінде алып қортпа балығын ұстады (суретте). Балық бекіре тұқымдас балық түрлерінің шабақтарын шығару жөніндегі мемлекеттік тапсырысты орындау мақсатында ауланды. Белгіленген талаптарға сәйкес, балық аулау Жайық-Каспий облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясы инспекторларының қатысуымен жүзеге асырылды. Қортпа дереу Жайық-Атырау бекіре зауытына жеткізіліп, балық өсірушілерге берілді.

- Балықтың ұзындығы екі метрден асады (244 см), салмағы – 150 кг.Тәжірибелі балықшы Өмірзақ Азбергенов басқаратын «Амангелді» ЖШС балық аулау бригадасы аулады. Балыққа ультрадыбыстық сканердің көмегімен тексеріс жүргізіп, оның ішінде уылдырық бары анықталды. Осыдан кейін бірден балық зауыттың тоғандарының біріне жіберілді. Көп ұзамай олар одан жасанды ұрықтандыру арқылы уылдырық алады. Бұдан балық зардап шекпейді. Жазда теңізге шығарылады, - деді «Жайық-Атырау бекіре өсіру зауыты» РМҚК басшысы Гильман Сәрсемалиев.



ATPress.kz


Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда