27 Қараша, 2020 199

Атырауда Жұмекенге бюст қойылды

Көрнекті ақын, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Әнұран авторларының бірі Жұмекен Нәжімеденовтің туғанына 85 жыл толуына орай Атырау қаласында жаңа еңселі ескерткіш-бюст бой көтерді.


Ж.Нәжімеденов атындағы №2 орта мектептің алдына орнатылған ескерткіш-бюстінің салтанатты ашылу рәсіміне бір топ зиялы қауым өкілі қатысты. 

Ақын ескерткішінің ақ жамылғысын түсіру құрметі салтанатты шараның арнайы қонақтары, елімізге белгілі тұлғалар – Ғарифолла Есім, Әйкен Жұмекенқызы, Марат Азбанбаев пен Сәрсенбай Еңсегеновке жолданды.

Шарада сөз алған облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшы Ақылбек Рысқалиев ескерткіштің мән-маңызына тоқталды.

Кеңестік үкімет 1956 жылы ұлан байтақ қазақ жерінің солтүстік аймағындағы Ақмола, Петропавл, Павлодар, Қостанай, Қарағанды облыстарын Қазақ республикасы құрамынан бөлуге әрекеттенді. Осы кезде Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденов қазақ жастарының ойы мен бойын кернеген «туған жерді талауға бермейміз» деген өр рухын сөз бен сазға сыйғыза білді. 

Өнердің өміршеңдігі оның өзектілігінде екенін уақыт көрсетіп отыр. Осыдан жарыт ғасырдан астам уақыт бұрын дүниеге келген әннің кейін Әнұранға айналуы соның дәлелі. Ал, оның авторларының арасында Жұмекен атамыздың болуы – біз үшін зор мақтаныш. Ендеше, қуаныш құтты болсын! – деді ол.

Сондай-ақ, ақын Ақұштап Бақтыгереева, Қадыр Жүсіп және басқа да ел ардақтылары өздерінің жылы лебіздерін білдірді.




Жалпы, ескерткіш-бюстті ашу бастамасы Мемлекет және қоғам қайраткері Сәрсенбай Еңсегеновтің қолдауымен жүзеге асты. Ал, авторы – белгілі мүсінші Серік Мәтениязов. 

– Жалпы, Жұмекен Нәжімеденовтың келбетін сомдауда өзіндік қиындықтарға тап болғанымыз бар. Оның фотосуреттері көп болғанымен, бет пішінін нақты көрсететін сапалы фотолары көпке дейін табыла қоймады. Кинопленкаға түскен сюжеттер бар деп естідік, бірақ, оларды қолға түсіре алмадық. Айналып келгенде, оның үлкен қызы Айкенмен хабарласып, тәуір деген фотоларын таптық. Ақынның інілері де образын сомдауда көп көмектесті,- деді бізбен әңгімесінде Серік Мәтениязов.

Одан әрі жиналған қауым білім ордасындағы Ж.Нәжімеденовке арналған мұражаймен танысты. Мұнда ақынның өзі пайдаланған дүниелері, қолжазбалары мен 7 томдық шығармалар жинағы қойылған. Мектептің педагог-ұйымдастырушысы Вера Миденованың айтуынша, мұражай былтыр жасақталған. 

Шара барысында ақынның үлкен қызы Айкен Жұмекенқызымен де тілдесіп, есімі ел есінде сақталатын тұлғаның мұралары академиялық топтама ретінде шығару жоспары бар екендігін білдік. 

– Негізі бұған дейін 7 томдық топтамасы шықты. Бірақ, әкеміздің шығармашылық мұрасын аша түскен сайын, оның жарық көруге, оқырманына жол тартуға дайын шығармалары әлі де мол екендігіне көз жеткіздік. Болашақтың еншісіндегі жоспарға енгізіп, академиялық топтамасын шығаруды олйастырып жүрген жайымыз бар,- деді Айкен Жұмекенқызы. 

Соңғы 15 жыл ішінде ақынның шығармашылығымен етене танысып, ол туралы кітап жазып шығарған тұлғалардың бірі Марат Азбанбаев мектептің мұражайына «Тәуелсіз Қазақстан- Жұмекен!» атты кітабын сыйға тартты. 

– Мен Жұмекен Нәжімеденовтың шығармашылығымен танысуым, қызығушылығымның артуы Жанарбек Әшімжанның Нәсіп апаймен «Жас Алаш» газетіне шыққан сұқбатынан кейін басталды десе де болады. Содан бергі 15 жылдың ішінде ақынның шығармаларымен, мол мұрасымен танысқан сайын, ойының, философиясының тереңдігіне таң қалып келемін,- дейді Марат Азбанбаев. 

Одан әрі зиялы қауым өкілдері Салтанат сарайы алдындағы ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті.




Қазақ әдебиетінің біртуар қаламгеріне арналған шара Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде жалғасады. Онда «Ж.Нәжімеденов және қазақ поэзиясының көркемдік даму бағыттары» атты халықаралық ғылыми-теориялық онлайн конференция өтеді. 

Жұмекен Нәжімиденов атындағы № 2 орта мектепке ақынның ескерткіш бюстін орнату жөніндегі бастаманы көтеріп, соған ұйытқы болған мемлекет және қоғам қайраткері Сәрсенбай Еңсегеновтың айтуынша, бұл игілікті істің жүзеге асуына көптеген азаматтар қолұшын берген екен.- Оның ішінде Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің орны ерекше. Баршаға алғыс мол айтылатын. Жалпы, Жұмекен Нәжімеденов тек қана Қазақстанда тұратын емес, шетелдегі қандастарымызға да танымал тұлға. Кеңес Одағы кезінде оның шығармаларына, маңыздылығына лайықты мән берілмеді. Міне, уақыт өте келе осы олқылықтың орны толып келеді.  Оның шығармалары- адамзатқа ортақ қазына!-деп түйіндеді өз сөзін Сәрсенбай Еңсегенов.

Конференцияда филология ғылымдарының докторы, профессор Қадыр Жүсіп, «Жұлдызды Жұмекен» кітабының авторы, философия ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Есім, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ақын Ақұштап Бақтыгереева, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Илья Жақанов, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаттары, белгілі қаламгерлер Мереке Құлкенов пен Есенғали Раушановтар айшықты ойларын ортаға салады деп күтілуде. Бұдан басқа, басқосуға Қытай, Түркия, Әзербайжан елдерінен келген өкілдер де қатысады.


ATPress.kz


Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда