26 Қазан, 2020 121

Ресей мен Қазақстан басшылығы қарашадағы кездесуінде Жайық өзенінің мәселесін талқылайды

Шекаралас аймақтардың серіктестік қарым- қатынасы жөніндегі келесімдер аясындағы екі ел президентінің кездесуі Көкшетау қаласында өтеді, деп хабарлайды ATPress.kz

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында табиғи ресурстар мен табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қадыржан Арыстан мәлімдеген болатын. Осы мәселені тілге тиек еткен басқарма басшысы Жайық, Жем және Ойл өзендеріндегі судың аздығын табиғи жағдайлармен байланыстырды. Біріншіден, қары аз, әрі жылымығы көп қыс айлары, құрғақшылық ендеп алған жағалау мен жазықтар өр суын бірден сіңіріп алады. Осының бәрі сайып келгенде, өзендердің тартылуына себеп болуда. Оның үстіне, Жайық өзенінің Ресей Федерациясына тиесілі бөлігіндегі жоғарғы жағында су кедергілері, плотиналар мен су қоймалары көптеп салынған. 

Сонымен қатар, брифингте, соңғы кезедгі өзендердегі судың аздығы проблемасы түрлі министрліктерде де талқыланып жүргені айтылды. Ел көлемінде су ресурстарын реттеудің тұжырымдамасы дайындалды. Бұдан бөлек, Жайық өзенін экологиялық тараптан сауықтыру бағдарламасы да әзірленуде. Атырау облысы әкімдігі жағынан аталған бағдарламаға өз ұсыныстарын енгізді. 

Басқарма басшысының сөзіне қарағанда, қараша айында Көкшетау қаласында шекаралық аймақтардың ынтымақтастығы аясында Қазақстан мен Ресей басшылығының кездесуі өткізіледі. Бұл екіжақты кездесуге әкім Махамбет Досмухамбетов бастаған Атырау облысының делегациясы да қатыспақ. Сол кездесу барысында, жоғарыда айтып өткеніміздей, Жайықтың мәселесі талқыланбақ. 

- Біздің тараптың ұстанып отырған басты талабы, біріншіден, көктемгі мезгілде су қоймасынан су жіберу мезгілінде қазақстандық мониторингтік топ қызмет атқаруы керек. Әзірге біз, тек сырткөз бақылаушы есебіндеміз. Соның салдарынан тек қана берілген ақпаратты талғажу етеміз,- дейді Қ. Арыстан. 

Сонымен қатар, Арыстан мырза атап өткеніндей, қазақстандық тараптан ешкім де жұмыс процесіне араласпайды. Оның пікірінше, көктемгі су жіберу кезінде Ресей жағында қызмет атқаратын тұрақты жұмысшы топ керек. Осы мәселенің өзі кейбір қиындықтарды тудыратынын анық білгенімен, қазақстандық мамандар ұсыныс жасауды тоқтататын емес. Бұдан бөлек, Жайық өзені үшін су жинап, жіберетін орын дайындауға мүмкіндік барын да зерделеу керек. Бұл үшін Батыс Қазақстан және Атырау облысы территориясында географиялық тұрғыдан алғанда лайықты болатын плотиналардың орнын анықтау керек. 

- Егер, осы мәселеге орай өзіндік пікірлері мен ұсыныстары бар мамандар табылып жатса, өзінің атын шығаруға толық мүмкіндік бар. Бұл үшін табиғи ресурстар мен табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына жолығу керек,- деп хабарлады Қадыржан Арыстан. 


ATPress.kz

Фото Рахим Койлыбаевтікі

Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда

Тегтер: #Жайық #Атырау #шекара