20 Қазан, 2020 288

Университет оқытушыларының еңбекақысы өсті

ЖОО оқытушыларының еңбекақысын өсіру процесі екі кезеңмен жүзеге асырылды, деп хабарлайды ATPress.kz

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті баспасөз қызметінің хабарлауынша, еңбекақыны өсірудің алғашқы кезеңі ақпан айында, екіншісі қыркүйек айында жүзеге асырылған.

«Ақпандағы өзгерістерге сәйкес профессорлық-оқытушылық ұжым мен оқу орнындағы барлық қызметкердің еңбекақысы артқан. Оқытушылық құрам: оқытушы, аға оқытушы, ғылыми дәрежесі бар (ғылым кандидаты, Phd) аға оқытушы, қауымдастырылған профессор (ғылым кандидаты, доктор, Phd) және профессор (ғылым кандидаты, ғылым докторы) болып бөлінеді. Сонымен қатар 2020-2021 оқу жылында профессор-оқытушылардың еңбек нәтижесі өнімділігін көтеру және ынталандыру мақсатында KPI жүйесін енгізу қолға алынды. Бұл жүйе бойынша өткен оқу жылында ғылым, оқу үдерісі, тәрбие жұмыстарында нақты нәтижеге қол жеткізіп, дәлелді құжаттарын ұсынған әріптестеріміз Ережеге сай ай сайынғы жалақыларына 100 мыңнан 10 мыңға дейінгі көлемде үстемеақы алатын болады», делінген таратылған хабарламада.

Осы жіктеумен қарағанда, оқытушы жалақысы өткен жылдың қыркүйегіндегі 87 364 теңгеден 2020 жылдың қыркүйегінде 132 364 теңгеге (51%) өсті. Аға оқытушылардың орта жалақысы 135 390 теңгеден 179 924 теңгеге (33%) ұлғайған. Қауымдастырылған профессорлардың (еңбек өтілі 1-25 және одан жоғары, ғылым кандидаты, доктор, Phd) орта жалақысы өткен жылы 212 074 теңгені құраса, биыл 16% өсіп 246 025 теңге болды. Профессордың (ғылым кандидаты, ғылым докторы) орта жалақысы 265 304 теңгеден 283 906 теңгеге (7%) өскен.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында, жоғарғы оқу орны оқытушыларының еңбекақысы мұғалімдердің еңбекақысынан төмен екенін айтып, Үкіметке осы мәселені реттеуді тапсырған болатын.


ATPress.kz

Фото ашық дереккөзден алынды


Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда

Тегтер: #еңбекақы #мұғалім #университет