20 Қазан, 2020 247

Аудандарға жаңа медициналық кешен табысталды

Атырау облысының 5 ауданына жылжымалы медициналық кешен табысталды, деп хабарлайды ATPress.kz

Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов жылжымалы медициналық диагностикалық зертханасының кілтін аудандардың бас дәрігерлеріне табыстады.

Атырау облыстық коммуникациялар қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, медициналық кешен Индер, Исатай, Қызылқоға, Мақат және Махамбет аудандарына берілген. Бұған дейін осындай жабдықпен Жылыой және Құрманғазы ауданының медициналық базасы толыққан болатын. Осылайша, облыстың жеті ауданы бірдей мобилді диагностикалық медициналық кешенмен қамтылды.




Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асхан Байдуәлиевтің айтуынша, медициналық кешен барлық қажетті жабдықтармен жабдықталған. Сонымен қатар, аудан тұрғындарының созылмалы инфекциялық емес ауруларын ерте анықтауға мүмкіндік береді.

- Көптеген қажетті профилактикалық, емдік және сауықтыру іс-шараларын жүргізу мақсатында азаматтардың денсаулық жағдайын тереңдетіп тексеру үшін көшпелі жағдайда диагностикалық зерттеулердің кең спектрін жүргізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, кешен арнайы лифт-пандуспен жабдықталған және онда мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін жеке кіру есігі қарастырылған, – деді басқарма басшысы.




Медициналық кешеннің ерекшелігі – бір күнде 150 адам терапевт, кардиолог, хирург, эндокринолог, оториноларинголог, окулист, ультрадыбыстық зерттеу және рентген мамандарының қызметіне жүгіне алады. Кешеннің көмегімен алпыстан астам ауруға диагноз қоюға мүмкіндік бар.

Айта кетейік, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі сатып алған 100 бірлік жылжымалы диагностикалық медициналық зертхананың бесеуі  Атырау облысына бөлініп отыр.


ATPress.kz

Фото Атырау облыстық коммуникациялар қызметінен


Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда