19 Қазан, 2020 637

Табиғат сыйын сақтай білсек, берері көп

Құрманғазы ауданындағы Қиғаш, Шора өзендерінен тарайтын «сексен кесік, сегіз арал» деп аталатын су қойнаулары бойында елу мыңнан астам тұрғын бар.

«Өзен жағалағанның өзегі талмайды» демекші, жергілікті халықтың тыныс-тіршілігі өзен суымен тығыз байланысты. Әйтседе соңғы қырық жылдан бері өзендерді тазарту, тереңдету жұмыстары жүргізілмеді. Дәлірек айтсақ, табиғат анаға аялы көзқарас жетіспеді. Соның салдарынан су арналарын айтпағанда Қиғаш, Шора өзендеріне құятын теңіз тамағы да толықтай бітеліп қалуға таяды. Нәтижесінде балық жүретін жолдар жабылып, су көліктерінің қозғалысы қиындады.

Міне, осыдан екі жыл бұрын Қиғаш, Шора өзендерін кеңейту,тереңдету жөніндегі кешенді жоба қолға алынғанды. Оған қазына қоржынынан 5,5 млрд.теңгеге жуық қаржы бөлінді. Мердігерлік ұйым – «Павлодар өзен порты» ЖШС 126 шақырым су арнасын тазартып, тереңдету жұмыстарын атқаруға тиіс болатын. Балық табиғи жолмен уылдырық шашатын мезгілден басқа уақытта жұмыс тоқтаусыз  жүріп жатқанын білдік. Бүгінгі нәтиже қандай? 



Әрине, жұмысты сапалы жүргізу маңызды. Өйткені  өндіріс үшін де, тұрғындардың тұрмысы үшін де оның маңызы зор. Теңіз тамағы ашылып, су арналары ернеуіне жетсе халықты ауыз сумен қамтамасыз ету, шабындық жерлерге су шығару, балық өндірісін өркендету сияқты көптеген мәселелердің түйіні шешілер еді. Қиғаш, Шора өзендері толықтай тазартылып, тереңдетілгеннен кейін осы өзендерден елді мекендерге тарқайтын су арналарын тазарту міндеті тағы бар. Оның жалпы ұзындығы 286 шақырым.



Кезінде Қиғаш, Шора өзендерінің екі жағалауы ернеуінен асып, көлдей көсіліп жататын. Көктем келе жайылма суы шабындық алқаптарды табиғи жолмен суарып, көкорай шалғыннан бала бойы көрінбейтін. Жайылма судың өзінде балығы тайдай тулап жатушы еді. Бала күніміздегі осы көріністер көз алдымызда. Табиғат сыйын сақтай білсек, берері көп.


Әндіржан Мұханғалиев

ATPress.kz



Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда

Тегтер: #Қиғаш #Шарон #Құрманғазы #Атырау #тереңдету жұмыстары