19 Қазан, 2020 818

Қасымхан Атырауда жерленген болуы мүмкін (фото)

Атырау облысындағы өз дәуірінде үш мемлекеттің: Алтын Орда, Ноғай Ордасы және кейін Қазақ хандығының астанасы болған Сарайшық қаласынан ерекше қабірхана табылды, деп хабарлайды ATPress.kz

Атырау облыстық коммуникациялар қызметінің мәліметінше, археологтар тарихи деректерге сүйене отырып, ол жерде ұлтымыздың ұлы тұлғасы – Қасым ханның жерленген орны болуы әбден мүмкін.

Қасым ханның жерленген орны деп болжанған қабірхананы көру үшін Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов тарихи шаһарға арнайы барды.




Тарихшылар Сарайшыққа Жәңгір хан Бөкейханұлының 1840 жылдары  келіп, ұлы атасының басына белгі қойып, «хан моласы» аталатын жерді қоршатқанын айтады. Бірақ, аталған белгі өкінішке қарай, кейін жоғалып кеткен екен.

Былтыр атыраулық ғалымдар Ресей мұрағатынан Сарайшық қаласының көне естелік-сызбасын тауыпты. Орыстың зерттеуші-ғалымы Алексей Алексеев 1861 жылғы еңбегінде хан зираты орнын анық көрсетіп, «әулие-склеп» деген белгі қойыпты. Ол өзі барып көрген «хан моласы» күмбезді әрі еңселі кесене, 3 жағында терезесі, ал, шығысында есігі бар деп сипаттаған. Археологтардың сөзінше, аталған деректер ашылып жатқан кесененің сұлбасымен дәлме-дәл келіп отыр.




Орта ғасырдағы Ұлы Жібек жолы бойындағы өркениетті қалалардың бірі Сарайшықтың дәуірлеген тұсы Қасым ханның есімімен тікелей байланысты. Қазақ хандығының астанасы болған, хандар пантеоны орналасқан шаһарда жеті ханның сүйегі жатқаны айтылады. Сол ел көсемдерінің бірі – Қасым хан.

- Соңғы жылдары табылған тарихи деректер де Сарайшықта Қасым ханның жерленгенін толықтай айғақтайды. Ханның жерленген орнын анықтау мақсатындағы экспедициямыз жемісті болды деуге негіз бар. А.Алексеевтің жазбасында айтылған мәліметтер мен қазылып жатқан қабірхананың сәйкестігі 99 пайыз, – дейді тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбілсейіт Мұхтар.

Қазіргі кезде кесененің құбыладан шығысқа қарай созылған 8 метрлік іргетасы қазылып шығарылды. Ол терістікке қарай тағы 8 метрге созылған деп болжануда.

Тарихшы Әбілсейіт Мұхтар негізгі жұмыс келер жылы басталып, мазар аумағын тазалауға кірісетіндерін тілге тиек етті. Зерттеу жұмыстарына алдағы уақытта белгілі антропологтар, археологтар мен этнограф-ғалымдарды да тарту жоспарланыпты.

Аумағы 3 шаршы шақырым болатын көне қорымда тоқсаныншы жылдардан бастап жаңаша қарқынмен археологиялық қазба жұмыстары мен зерттеу жұмыстары толассыз жүргізіліп келеді.




Өз кезегінде Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Алтын Орданның 750 жылдығы аталып өтіп жатқан тұста, Жошыдан кейін ең қуатты мемлекет құрды деп саналатын Қасым ханның жерленген орны табылды деген болжамды жаңалықты жақсы нышанға балады. Облыс әкімі атап өткеніндей, Қасым хан – қазақ тарихында ерекше орны бар көрнекті ұлы тұлғаларымыздың бірі. Қасым хан Қазақ хандығын қуатты мемлекет етіп нығайтып, өркендеткен.

- Археологтарымыз ел жадында жатталған тарихи тұлға Қасым ханның орны табылды деп жорамалдап отыр. Егер зерттеу, анықтау жұмыстары оны растайтын болса, ұлттық тарих үшін үлкен сілкініс болады деп ойлаймын. Ақжолтай ақпар алғаш шыққан кезде осы қазба жұмысының басында жүрген белгілі тарихшы Әбілсейіт Мұхтарды қабылдап, сөйлескен едім. Бүгін арнайы көруге келдім. Елбасымыздың қолдауымен, президентіміздің тапсырмасымен Тәуелсіздік алғалы бері ұлттық тарихты түгендеу жұмыстары толассыз жүргізіліп келеді. Содан бері тарлан тарихтың талай ақтандақ беттері ашылды, – деген аймақ басшысы ұлттық тарихтың даңқты дәурінің жаңа парақшалары көптеп ашылып, халықтың тарихи санасын жаңғыру үшін қажетті қолдауларды жасайтынын жеткізді.


ATPress.kz


Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда

Тегтер: #Сарайшық #Атырау #көне қала #Қасым хан