19 Қазан, 2020 925

COVID-19 балаларға қалай әсер етіп жатыр?

Коронавирус індеті барлық елдерге таралып, маңызды халықаралық және ұлттық проблемаға айналды. Әсіресе, пандемия жайындағы ақпараттардың балаларға әсері мен олардың жағымсыз мәліметтерді қабылдауы бала психологиясына айтарлықтай әсер ететіні сөзсіз. Аталған инфекцияның бала денсаулығына әсерін толық білу мақсатында «Медикер-Жайық» ЖШС Qamqor QP 2 филиалының жоғары санатты физиопедиатр маманы Нұрғалиева Мәншүк Мияжденқызымен тілдескен едік. Маманның айтуынша, короновирустың асқынған түрімен кішкентай балалар көп ауырмайды. Жасөспірімдерде де ауру белгілері аз байқалады немесе мүлде болмайды деген болжам да кездеседі. Бұл маңызды, өйткені мұндай кезде балалар айналасындағы адамдарға вирус жұқтыруы мүмкін. Сондықтан балалар да ересектермен бірдей деңгейде сақтық шаралар мен әлеуметтік оқшаулау ережелерін қатаң сақтауы тиіс.

Балаларды қорғау ата-ананың басты міндеті екенін ескерсек, баламен адамдар көп жиналатын жерге бармау, оларды оқшаулау, ойын алаңдарына апармау, шетелге қыдырмау секілді шектеулерді назарда ұстаған жөн. Балаларға жеке бас гигиенасын сақтауды үйрету, қол жууды және бетперде кию себебін түсіндіру өте маңызды.

Соңғы мәлімет бойынша, 2020 жылдың наурыз айынан бастап Қазақстанда балалар арасында 2500 ауру оқиғасы тіркелген, өлім жағдайы тіркелмеген. Балаларымыз ауырмауы үшін ұрпақ денсаулығына зор мән беріп, тиісті шаралардың алдын алуымыз қажет, деп тағы да ескертті Мәншүк Нұрғалиева.


Рупия ЖОЛЫМБЕТОВА

ATPress.kz

Фото ашық дереккөзден алынды




Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда

Тегтер: #COVID-19 #балалар #Атырау