19 Қазан, 2020 389

АМӨЗ ауаны ластап жатыр ма?

Атырау облысы бойынша экология департаменті «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-не қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізеді, деп хабарлайды ATPress.kz

Facebook әлеуметтік желісінде «АМӨЗ» ЖШС аумағынан шығып жатқан түтіннің видеосы таралған болатын. Атырау облысы бойынша экология департаментінің қызметкерлері сол күні оқиға орнына барып, кәсіпорынның санитарлық-қорғау аймағының шекарасында ауа сынамасын алған.

«Зертханалық талдау нәтижесі бойынша, күкіртсутегі, азот оксиді, азот диоксиді, көміртегі оксиді және көмірсутек көлемі шекті рұқсат етілген концентрациядан асқан жоқ. Метеопараметрлерге сәйкес желдің бағыты оңтүстік-батыстан болған», деп хабарлайды экология департаменті.

Атырау мұнай өңідеу зауытының қоғаммен байланыс қызметінің хабарлауынша, технологияға сәйкес каталитикалық крекинг қондырғысы жану өнімдерінің атмосфераға енуіне жол бермейтін заманауи ВELCO (американдық технология) жүйесімен жабдықталған.

«Әлеуметтік желілерде Атырау мұнай өңдеу зауытындағы зиянды қалдықтар ауаға таралып жатқандығы туралы бейнежазба орналастырылған. Осыған байланысты 2020 жылғы 17-18 қазанда зауыт қондырғылары технологиялық режимде жұмыс жасағандығын, әлі де қызметін жалғастырып жатқандығын және авариялық жағдайлардың туындамағандығын хабарлаймыз», делінген таратылған ақпаратта.

Сонымен қатар, департамент «АМӨЗ» ЖШС-не қатысты жоспардан тыс тексеру жұмыстарын жоспарлауда. Тексеру нәтижелері туралы қосымша хабарланатын болады.


ATPress.kz

Фото редакция архивінен алынды


Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда

Тегтер: #АМӨЗ #зауыт #экология #ауа ластануы