23 Қыркүйек, 2020 201

Атырауда әскерге шақырылушылар ПТР-тест тапсыруда

Әскери бөлімге келгеннен кейін әскерге олар екі апталық карантиге орналастырылады, деп хабарлайды ATPress.kz

Атырау облысында мерзімді әскери қызметке шақыру жалғасуда. Күзгі әскерге шақыру науқаны аясында 700-ге жуық адамды шақыру жоспарлануда. Бұл туралы Атырау гарнизоны баспасөз қызметінің ресми өкілі Рүстем Игісінов айтып берді.

Оның айтуынша, әскерге шақырылушыларды іріктеу және бөлу барысында олардың денсаулық жағдайы мен әскерге шақырылғанға дейін алған мамандықтары ескеріледі. Физикалық тұрғыдан дайындалған, моральдық және психологиялық тұрғыдан төзімді жастар теңіз жаяу әскерлері, десанттық-шабуылдау әскерлері және әскери-теңіз күштері қатарына қабылданады.

Атырау облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары Айдос Аманғалиевтің айтуынша, коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу және алдын алу шараларын күшейту мақсатында, жиналу пункттерде медициналық бекеттер орналастырылған. Облыстық медициналық комиссия құрамында инфекционист дәрігерлер бар. Әскерге шақырылушыларды әскери бөлімдерге жөнелту алдында міндетті түрде ПТР әдісімен COVID-19-ға зертханалық зерттеу жүргізіледі.

- Ал бөлімшеге келген бойда жас мамандар екі апталық карантинге орналастырылып, медициналық тексеруден өтеді, – деді Айдос Аманғалиев.

Атырау гарнизонының баспасөз қызметінің мәліметінше, Қазақстанда күзгі шақыру науқаны 1 қыркүйекте басталып, ағымдағы жылдың желтоқсан айының соңына дейін жалғасатын болады.


ATPress.kz

Фото Рахим Қойлыбаевтыкі


Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда