23 Қыркүйек, 2020 244

Ауыл мектебіндегі ахуал

Жаңа оқу жылының басталғанына да үш апта уақыт өтті. Оқушылар негізінен қашықтан оқыту әдісімен білім алуда. Әрине, бұл біреудің қалауымен жасалған қадам емес. Бүгінгі қалыптасқан жағдайдан туындаған түйінді мәселе. Бұл түйіннің бастысы-білім сапасы қандай болмақ? Мұғалімнің көз алдында көңілі көше кезіп кететін балаға алыста отырып айтқанымызды ұғындыра аламыз ба? Көпті толғандыратын да осы.Бұдан туындайтын түрлі проблемалар бар. Интернетке тәуелді болып қалған тұста оқушыларды қажетті құрылғылармен (компьютер, смартфон, модем)  қамтамасыз ету маңызды. Бастауыш сынып оқушылары,әсіресе мектеп табалдырығын биыл аттаған бүлдіршіндердің мұғалімнің айтқанын толық түсінуі қиын. Демек, бала жанында ересек адам отыруы керек. Айта берсе көп-ақ. Солардың бірі – интернет байланысының тұрақтылығы. Қалада қиындықтар туындап жатқанда ауылдағы жағдай қандай?

Біз Исатай ауданының «Тұщықұдық» ауылындағы Жұмабай Мырзағалиев атындағы орта мектепте болдық. Мұнда бір мыңға жуық оқушы бар. Төрт жүзден астамы бастауыш сынып оқушылары. Олардың тең жартысы 16 топқа бөлініп, ата-аналардың өтініші бойынша  кезекші сыныптарда оқуда. Ал, онлайн оқып жатқан оушылар интернет желісіне толықтай қосылды ма?



Жұмысты дұрыс ұйымдастыра білсе қандайма болмасын тығырықтан шығудың жолы табылары анық. Біз мектеп басшылығы тарапынан сондай талпынысты аңғардық. Аудандық әкімдік пен оқу бөлімінен қолдау да, көмек те бар. Наурыз айында аяқ астынан қашықтан оқыту әдісіне көшкенде Білім және ғылым министрлігінің де абдырап қалғаны рас. Сондықтан жаңа оқу жылына дайындық ерте басталды. Мұғалімдер білім жетілдіру курсынан өтті. Ақпараттық,компьютерлік, сандық сауаттылыққа ерекше мән берілді. Қазір соның көп көмегі тиіп жатқаны байқалады. Мұның өзі онлайн оқытудағы оңды қадам. 

Солай десекте барлық мәселе толықтай шешілді деуге болмайды. Ол алдымен интернет желісінің жылдамдығына қатысты. Ата-аналардан «өте баяу» деген ренішті естідік. Ауылда көп балалы отбасылары баршылық, соларға қажетті құрылғылар жетіспейді. Осындайда қалтасы көтеретін иманжүректі азаматтардың көмегі ауадай қажет. Бала біздің болашағымыз, елдің ертеңі дейміз. Ендеше олардың толыққанды білім алғаны бәрімізге мерей. 


Әндіржан Мұханғалиев


ATPress.kz


Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда