22 Қыркүйек, 2020 895

«Таскран» тарихы

Атырау өңіріндегі мемлекет қорғауына алынған тарихи мұралардың бірі – «Таскран» шекаралық белгісі. Ол Исатай ауданының Аққыстау селосынан батысқа қарай екі шақырым жерде Атырау-Астрахан тас жолы бойында орналасқан. XIX ғасырдың жетпісінші жылдары салынған бұл белгінің біржарым ғасырлық тарихы бар. Ескінің көзі болып, талай жылдардың тылсым сырын бойына бүккен көне мұраның тарихын бірі білсе, бірі біле бермейтіні де шындық. Кезінде Орал өңірі Орынбор губерниясынан бөлініп, Астрахан губерниясына берілгенде екі аралықтың шекарасын тең бөлу мақсатында салынған белгі. 

Өз жерінде өгейдің күнін көрген жергілікті қазақтар ең болмағанда еншілеп берген жерге өз қалауынша иелік етуді мақсат етсе керек. Сондықтан осы белгіні орнатуға үлкен мән берілген. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, құрылысқа тайлы тұяғымен жұмыла кіріскен. Оған айтулы Мақаш әкімнің ықпалы мен көмегі көп болған деседі.

Арада жүз елу жылдай уақыт өтсе де саз балшықтан соғылған саман тас пен қамыстан салынған құрылыстың әлі күнге сыр бермей тұрған беріктігі еріксіз қайран қалдырады. Сонда оның қандай құпиясы бар?




Шекаралық белгінің беріктігінің тағы бір сыры – сазбалшықты бие сүтіне илеумен қатар, оған жылқы қылын қосқан. Осының өзінен аталарымыздың сол тұстағы құрылыс құпиясын терең меңгергендігін аңғаруға болар еді. Оны салу барысында ауызбірішіліктің де мықты болғандығын байқаймыз. Өңірдің ауқатты адамдары бие байлап, түйе саудырып, сойыс малын беріп, құрылыс басындағы адамдарды етпен, сүтпен қамтамасыз етіп отырған.

Міне, кешеден бүгінге жеткен осындай тарихи мұраларымызды көздің қарашығындай сақтап, үрпаққа мұра ету парыз. Біз Аққыстауда кездескен адамдардан «Таскранның» тарихын сұрағанымызда мардымды жауап ести алмадық. Сондай сәттерде ел өмірінен сыр шертетін көне мұралардың тарихын біле жүрген дұрыс-ау деген ой келеді.


Әндіржан Мұханғалиев

ATPress.kz


Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда