22 Қыркүйек, 2020 633

Атыраулық параспортшы Әлем Кубогіне қатысады

Атыраулық параспортшы Ержан Сәлімгереев паражүзуден Германияда өтетін Әлем Кубогіне қатысады, деп хабарлайды ATPress.kz

Қазақстандық паражүзуші Ержан Сәлімгереев, Германия паралимпиада комитетің ұйымдастыруымен Берлинде өтетін Әлем Кубогінің дүниежүзілік сериясына шақырту алды. Спортшының айтуынша, сайыс қазан айының 13 мен 19 аралығында ұйымдастырылмақ. Ержан қазір дода алдындағы дайындығын пысықтап, жаттығуларын бастап кеткен.

- Карантиннен кейін физикалық жаттығуларды күшейттім. Өйткені, пандемия кезінде бассейнде толыққанды жаттығу жасауға мүмкіндік болмады ғой. Жарты ай уақытта өзімді қалыпқа келтіріп үлгеремін деген ойдамын. Бұл турнирге бесінші рет қатысайын деп отырмын. Бұдан бұрын төрт мәрте қатысып, ел қоржынына 4 алтын медаль салдым. Бұл жолы бабым шаба ма, бағым шаба ма көре жатармыз. Бірақ Германия төрінде Қазақстан туын көтеріп, әнұранды шырқатуға барымды саламын, – дейді спортшы.

Жалпы бұл байрақты бәсекеде Қазақстан атынан 18 параспортшы сынға түспек.

Джакартадағы Азия параойындарының 2 дүркін чемпионы, Германия кубогінің 4 дүркін иегері, 8 дүркін Әлем Кубогінің жеңімпазы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері – Ержан Сәлімгереевке барша атыраулық атынан сәттілік тілейміз!


ATPress.kz


Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда