18 Қыркүйек, 2020 187

Халықаралық қоғамдастыққа ашық университет

Еліміздегі жоғары білімнің интернациялану үдерісі бірқатар бастамаларға жол ашты. Әлемдік білім беру кеңістігіне бағытталған жаңа жүйе бұрынғы қалыптасып қалған қағидалармен шектелмей, тың жобаларға түрен салуды талап етеді. Бұл ретте отандық жоғары оқу орындарының шетелдегі әріптестерімен тығыз байланыста болуы бәсекеге қабілетті маман даярлау ісіне серпін беретіні анық. Сафи   Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті Ұлыбританиядағы Роберт Гордон, АҚШ-тағы Техас университеттерімен, Каспий өңірінде орналасқан трансұлттық компаниялармен бірге жасаған бағдарламаларды іске асыруда. Инженер-техникалық бағыттағы мамандарды Губкин атындағы РМУ, Уфаның мемлекеттік мұнай университеті секілді серіктестіктермен бірге даярлайды.

Оқу орнының БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудегі серіктесі екенін де атап өткен жөн. Мысалы, жақында БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі, Даму бағдарламасының тұрақты өкілі Норимаса Шимомура мен «С.Өтебаев атындағы АтМГУ» КеАҚ Басқарма төрағасы-ректор Гүлзада Шакуликова өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Тараптар БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары бойынша білім беру мен зерттеу саласындағы ұлттық әлеуетті күшейту бойынша ынтымақтастықты жүзеге асыруға келісті. Меморандум аясында инженерлік және жаратылыстану ғылымдары, әлеуметтік-экономикалық ғылымдар, адами капиталды дамыту мәселелері және тұрақты даму мақсаттарының басым бағыттары бойынша ғылыми-зерттеу бастамаларын қолдау және ұйымдастыру; келешегінен үміт күттіретін жас ғалымдарды ғылыми зерттеулер мен ғылыми жобаларды жүзеге асыру жұмыстарына тарту жұмысы жүргізіледі. Сонымен қатар,  БҰҰ-ның Қазақстандағы қызметі мен өзекті мәселелері бойынша БҰҰ қызметкерлері университет студенттеріне дәрістер өткізеді, болашақ мұнай-газ кешенінің мамандары БҰҰ агенттіктерінде тағылымдамадан өтеді.

Халықаралық әріптестік байланыс орнаған тағы бір оқу орны - Малайзиядағы «Petronas» технологиялық университеті. Бұл туралы 14 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Елшісі Б.Иманбаевтың «Petronas» компаниялар тобының жаңадан тағайындалған президенті және басқарушы директоры Мұхаммед Тауфикпен кездесуінде айтылды.

Petronas – әлемнің 20-дан астам елінде шикізат өндірумен айналысатын малайзиялық мемлекеттік мұнай-газ компаниясы.

«Petronas» университеті (Universiti Teknologi Petronas, UTP) - Малайзиядағы жетекші жеке университет. UTP салалық инженерлік және ғылыми-техникалық бакалавриат бағдарламалары, магистратура мен аспирантураның АТ бағдарламалары бойынша оқытумен қатар  ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізеді. Жоғары оқу орнында қазір 66 елден 6000 студент пен 1200 аспирант білім алып жатыр. Болашақта бұл қатарға Атырау мұнай және газ университетінің студенттері де қосылады. Өз кезегінде малайзиялық жастар да Атырауға оқуға келеді деген жоспар бар.

С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті халықаралық студент алмасу бағдарламасын дамытуға маңыз беріп отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар пандемия кезеңінде де тоқтап қалған жоқ. Мысалы, «Виртуалды академиялық ұтқырлық» бағдарламасы бойынша АтМГУ студенттері биыл Ресейдегі Кузбас мемлекеттік техникалық университетінде,  Тюмень индустриалды университетінде, Астрахань мемлекеттік техникалық университетінде және Әзірбайжан техникалық университетінде білім алады. Алдағы уақытта бұл қатарға Пекин политехникалық университеті де қосылады деген жоспар бар.

Оқу процесін халықаралық тәжірибеге сүйене отырып жетілдіру – университеттің стратегиялық даму моделінің негізі. Еліміздегі мұнай-газ саласына кадр даярлайтын мамандандырылған бірден-бір университеттің ұстанымы – әлемнің жетекші жоғары оқу орындарымен берік байланыс орнату арқылы білім сапасын арттыру.







Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда