17 Қыркүйек, 2020 266

«Бекіре-2020»: екі қылмыстық іс қозғалды

«Бекіре-2020» жедел алдын алу іс-шарасының күзгі кезеңінің алғашқы аптасында 40-қа жуық құқық бұзушылық анықталды, деп хабарлайды ATPress.kz

Жедел алдын алу шарасы басталғаннан бері құқық бұзушылардан 195 кг балық, оның ішінде 61 келі бекіре балығы тәркіленді.

Іс-шара аясында балық өнімдерін заңсыз тасымалдауды анықтау мақсатында "Шеп" станциясы аумағында, Астрахань, Ақтөбе, Орал бағытындағы республикалық және халықаралық маңызы бар автожолдарда және Дамба елдімекені тұсындағы жолдарда бақылау күшейтілген.

Атырау облысы полиция департаментінің ақпараты бойынша, іс-шара басталғаннан бері балықтың заңсыз айналымына байланысты 37 құқық бұзушылық анықталған.

- «Бекіре-2020» жедел алдын алу іс-шарасы барысында ҚР ҚК 335 бабы – «Балық ресурстарын, басқа су жануарларын немесе өсімдіктерін заңсыз алу» және 339 бабы – «Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу» бойынша 2 қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, – деп атап өтті Департаменттің баспасөз қызметінен.

Сондай-ақ, әкімшілік сипаттағы 36 заң бұзушылық анықталды. ҚР ӘҚБтК-нің 383 бабы бойынша 35 хаттама толтырылып, оның ішінде 1 әкімшілік іс сотқа жолданды. Айта кетейік, әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша жалпы сомасы 472 мың теңгеден астам айыппұл салынды.


ATPress.kz

Фото редакция архивінен алынды 


Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда