17 Қыркүйек, 2020 248

Атырау облысы коронавирустың «екінші толқынына» дайындықты пысықтады

Атырау облысы әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің төрағалығымен селекторлық кеңес өтіп, жиында аймақтың коронавирус індетінің «екінші толқынына» дайындығы пысықталды, деп хабарлайды ATPress.kz.

Қазір өңірде эпидемиологиялық ахуал тұрақталды. Дегенмен дайындық жұмыстары күшейтіліп жатыр. Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Қабдықапаровтың сөзінше, жан-жақты дайындық жұмыстары жүргізілуде. Медициналық ұйымдар мен дәріханаларда дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы тұмауға қарсы екпе жүргізу үшін 60 мың доза вакцина алып, екпе жұмыстарын бастап кеткен.

Облыстың медициналық ұйымдары науқастарға көмек көрсету үшін 224 ИВЛ аппаратымен, 27 рентген аппаратымен, 10 компьютерлік томография аппаратымен, 977 оттегі генераторымен және 1100 пульсоксиметрмен қамтамасыз етілген.


- Коронавирустың «екінші толқыны» орын алған жағдайда облыста 2080 инфекциялық кереует, оның ішінде 120 реанимациялық кереует жасақтау жоспарланған. Бұдан басқа, шалғай елді мекендерде орналасқан тұрғындарды медициналық көмекпен қамтамасыз ету үшін өңірге 7 жылжымалы медициналық пункт келеді деп күтілуде, – деді Нұрлыбек Қабдықапаров.

Сонымен қатар, облыстың емдеу-сауықтыру ұйымдары жеке қорғаныш құралдарының 2 айлық қорымен қамтамасыз етілген. Демеушілердің көмегімен 8 авткөлік алынып, қажеттілікке қарай медициналық мекемелерге таратылған.

- Бүгінде аймақтағы эпидемиологиялық ахуал тұрақтанды. Соған қарамастан облыста коронавирус инфекциясымен күрес әлі де жалғасуда. Тұрғындар арасында ақпараттық-насихаттық жұмыстарын одан ары күшейтуіміз қажет. Пандемияның «бірінші толқыны» кезінде науқас адамдарды емдеуге арналған төсек орындардың тапшылығы анық байқалды. Осы мәселені шешу бағытында бүгінгі күні Атырау қаласында 200 орындық және Жылыой ауданында 275 орындық ауруханалардың құрылысы жүргізілуде. Олар жуық арада аяқталуы тиіс, – деді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.

Бұдан басқа, қазан-қараша айларында лизинг арқылы 40 санитариялық автокөліктің жеткізілуі күтілуде. Облыс бойынша 8 медициналық ұйымға орталықтандырылған оттегі станциясын орнату жоспарланған болса, бүгінде 6 станцияның құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде.


ATPress.kz

Фото Атырау облысының коммуникациялар қызметінен алынды


Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда