02 Қыркүйек, 2020 3049

COVID кезеңіндегі мектеп

Алғаш рет- бірінші сыныпқа! Бұл баршамызға сүйікті, мол үміт сыйлайтын абзал дәстүрлердің бірі десек те болады. Көңіл толқытып, жауапкершілік жүгін молынан артады. Covid-19 індетіне қатысты кезеңнің мектеп өміріне әкелген өзгерістері туралы «Прикаспийск


Атырау облысында бірінші қыркүйек күні 132 мыңнан астам бала білім алуға кірісті. Олардың ішінде 22 962 шәкірт офлайн дәріс алады. Бұлар 1-4 сынып оқушылары, олардың 12 мыңы мектеп табалдырығын алғаш рет аттағандар.

Бұдан бұрынғы мәліметтерден белгісі, облыстың 170 мектебінде 1 622 кезекші сынып қызмет ете бастады, солардың біріне біз де ат басын тіреген болатынбыз.

№34 орта мектеп. Дәлізде кезекші күтіп алып, тепловизор арқылы дене қызуымызды өлшеді. Атап өтуіміз керек, мектепке кіретін 4 арнайы орын ұйымдастырылған, әрқайсысы әр сыныпқа бөлек арналыпты. Балалар араға 15 минут салып кіреді.

Бұдан кейін бастауыш сыныптар жөніндегі оқу ісінің меңгерушісі Ақарыс Шотаевамен кабинеттерді араладық. Оның сөзіне қарағанда, мектепте 217 оқушы білім алатын 17 кезекші сынып қызмет етеді екен.


– Ұстаздарымыздың келісімімен, 8 сыныпқа бөлінген бірінші сынып оқушыларын офлайн оқытуға шешім қабылдадық,- дейді мектеп қызметкері. – Олардың барлығы да топтарға бөлінген.  Мысалы, бір топтың сабағы 8.00-де басталып, 11.30 сағатта тәмамдалады. Одан кейінгі 40 минутты сынып ішін залалсыздандыруға арнаймыз, 12.30-да екінші топтың сабағы басталады. Сабақтардың ұзақтығы 30 минут. Сағат 15.00-де мектеп оқу процесін толықтай аяқтайды.

Сыныптарда сабақ өтіп жатқанына қарамастан, мектеп табалдырығын алғашқы рет аттаған бірінші сынып оқушыларына кіріп шығудан бас тарта алмадық. Тұңғыш ұстазын мұқият тыңдап отырған балалар, парталарына жеке дара жайғасып алған. Өз таңдауы бойынша киінуге рұқсат етілгенімен, бүлдіршіндер мектеп формасын киіп, тәртіптің үлгісін көрсетіп-ақ отыр.  1 «Б» сыныбының ұстазы Альфия Тәжмағамбетова, біз барған сәтте сабағын аяқтап жатыр еді, шағын сұқбат беруге келісті.

- Біздегі жауапкершілік жүгі артып кетті. Дегенменен, бірінші сыныптың барлық оқушыларын әдеттегідей мектепте оқытуға шешім қабылдадық. Бұл біздің балаларымыз ғой! Олар тұңғыш рет мектеп табалдырығын аттап отыр, олар үшін бәрі таңсық. Әрқайсысы өзіндік қарекетті талап етеді. Ал, әр баланы қашықтықтан танып біле алмайсың,- дейді, 28 жыл ұстаздық өтілі бар мұғалім.

Шынында да, бүгінде бастауыш сынып мұғалімі 5 сабақтың орнына екі есе көп сабақ өткізуі керек.

Мектептің Гүлшат Кушкимбаева секілді медицина қызметкерімен де таныстық. Кең әрі таза жұмыс бөлмесінде тиісті гигиена құралдары мен жылжымалы кварц шамдары тұр. Оқшаулау орны да бар.


-Егер баланың қызуы көтеріліп, жағдайы нашарласа, осында әкеп орналастырамыз. Кейін ата –анасына хабар беріп, алғашқы медициналық көмек көрсетеміз,- деп қызметінің кейбір сырларын ақтара түсті медицина қызметкері.

Мектептен жақсы әсермен шықтық. Барлық санитарлық нормалар сақталып отыр, ең бастысы – балалар қауіпсіз аймақта. Осыған көз жеткізу үшін де, біз қаладағы ең қарапайым мектептердің бірін таңдаған едік қой. Бірақ, жағдай барлық талаптарға сай екен. Қауіпсіздік шаралары толығымен сақталған. Бала денсаулығы – басты назарда деген осы!


Анжелика КИМ,

Атырау

Atpress.kz


Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда