Атырауда көпірден секірмек болған 9 адам құтқарылды (+ВИДЕО)

Атырау облыстық полиция департаменті бейбіт күнде ерлікпен қаза тапқан қызметкерлеріне арнап бейнеролик дайындады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

"Жауапты сәтте жауапкершілік танытқан ерлердің ісі ешқашан өз биігінен түскен емес. Жан қысылғанда жақыннан табылған жау жүрек азаматтардың батыл қадамдары бейбіт күннің аспанын сыйлап тұрғаны сөзсіз. Орталық көпір Атырау қаласын Еуропа мен Азия құрлықтарына бөліп қана тұрған жоқ, талай ерлік пен жантүршігерлік сәттердің куәсіне айналып тұр. Атырауда соңғы 4 жылда көпірден секіріп өмірмен қош айтыспақ болған 9 адам құтқарылған. Арасында аяғы ауыр әйел мен өрімдей балалар, көп балалы әкелер де бар. Барлығының жанына араша болған - иығына шен таққан тәртіп сақшылары. Біреу міндет дер, біреу бағаламас... Әйткенмен, бұл - ерлік, жауапты сәтте ойланбастан қабылданған шешім, бұл - бәйгеге өз басын тігіп жанға түскен араша" делінген баспасөз хабарламасында.