«Қазқайтажаңғырту» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Сарайшық қалашығында ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізіп, тарихи қорым нысандарын қайта жаңғыртты, деп хабарлайды AtyrauPress.
Бұл туралы «Қазқайтажаңғырту» РМК бас директоры Олжас Шариязданов мәлімдеді.
Оның айтуынша, жоба саяхатшы әрі топограф А.Г. Алексеевтің картасына сүйене отырып жүзеге асырылған. Аталған картада «Склепь Аулие» немесе «Әулие Қамал» атауымен белгілі қорым құрылыстары көрсетілген.
— Қайта жаңғырту жұмыстары археологтар мен тарихшылардың ғылыми ұсынымдарын ескере отырып жүргізілді. Негізгі мақсат — тарихи нысандардың бастапқы келбетін мүмкіндігінше дәл қалпына келтіру. Сонымен қатар қорым құрылыстарын жауын-шашыннан, желден және температураның ауытқуынан қорғау үшін арнайы қорғаныш құрылымы орнатылды, — деді Олжас Шариязданов.
Оның сөзінше, мұндай архитектуралық шешім археологиялық мұраны сақтаудың халықаралық тәжірибесіне сай келеді. Жоба ИКОМОС пен ЮНЕСКО ұсынымдарына сәйкес әзірленген.
— Бұл халықаралық ұйымдардың қағидалары тарихи нысандардың түпнұсқалығын сақтай отырып, оларды халыққа қолжетімді етуге бағытталған. Жобаны жүзеге асыру мәдени мұраны сақтауға, тарихи-мәдени туризмді дамытуға және Сарайшықтың бай тарихын кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді, — деді ол.
Айта кетейік, ғылыми-реставрациялық жұмыстар аяқталғаннан кейін нысанға «Хан моласы» деген шартты атау берілді.