ҚАЗИЕВТІҢ ҚАЙҚЫДАҒЫ ЕСКЕРТКІШІ

2011 жылдың 26 маусымында Шонжы шекара отрядына қарасты «Қарқара» шекара заставасының учаскесінде арнаулы мақсаттағы топтың сайып­қырандары торуылда жатқан болатын. Шұғыл алынған ақпарат көзіне қарағанда, осы бағыт арқылы қазақ-қырғыз шекарасынан ірі көлемдегі жанар-жағармай өткізілуі мүмкін.

Шекарашылар үш күннен бері күтіп жатқан контрабандашылар да ақыры бой көрсеткен. Түнгі екілердің кезінде көліктердің гүрілдеген дауысы естілді. Түн астарына үңілген топ басшысы бұл шекараның бойына келіп тоқтаған жүк көліктері екенін түсінді.

«Міне, көптен күткен «қонақтар» да келіп жетті. Әзірге екеу. Қалғандары қайда?»  Бейнебір офицердің ойын оқып қойғандай, осы кезде қараңғылықтың қойнауынан тағы бірнеше көлік шыға келді. 

Басталды! Көзден таса жерге жасырынған шекарашылар да сақадай сай, командирлерінің бұйрығын күтіп жатыр. Ата жөнелуге дайын. Офицер екі елдің шекарасына келіп тізгін тартқан контрабандашылардың әр қимылын қалт жібермей бақылай бастады.

Ұрымтал сәт. Топ басшысы қолындағы рациясын аузына апара берді.

Түн қатып жүргендер өздерін мұнда бірнеше күннен бері шекарашылардың торуылдап жатқанын білген жоқ-тын. Сөйтіп, түн ортасында жасырын кездескен контрабандашылар тобының саудалары «сәтті» аяқтала берген кезде жер астынан шыға келгендей пайда бола кеткен шекарашылар оларды тырп еткізген жоқ.

Шекарашыларды көре салып, қаскүнемдер қарсылық көрсетпек болған. Бірақ ел шебінің арнаулы мақсаттағы топтарына кімнің күші жетсін? Контрабандашыларға қолдарын көтергеннен басқа ештеңе қалмаған. Тек бесеуі ғана... «ГАЗ-53» жүк көлігінің жүргізушісі оқиға орнынан қашпақшы болып, шекарашылардың қоршауын бұзып өтпекші болды. Бірақ көкке қарата атылған оқ оның арынын су сепкендей тез басты. Тағы екі жүк көлігі осы сәтті пайдаланып, іздерін суытуға әрекет жасап бақты. Сәтсіз аяқталды.

Сөйтіп, шекарашылар операция үстінде көрші елдің бес азаматын және бес отандасымызды, екі «КамАЗ», «МАЗ», «ГАЗ-53», «Вольво» маркілі екі жанар-жағармай көлігін құрықтады. Контрабандашылар шекара арқылы Қазақстан Респуб­ликасының аумағына шамамен 77 тонна жағармай өткізбек болған екен.

Таңғы 7-лердің кезінде контрабандалық дизель жағармайы тиелген жүк көліктері Кегендегі Қайқы асуы арқылы Шонжы шекара отрядына қарай тізбектеліп шықты. Осы кезде ешкім күтпеген жағдай орын алды. Колоннаның соңында келе жатқан «КамАЗ» автокөлігінің тежегіші аяқ астынан істен шықты.

Көлік жүргізген қырғыз елінің 25 жасар азаматы жалма-жан машинаны тоқтатпақ болып, рульді сол жаққа қарай бұрған-ды. Өйт­кені асудың жыланша ирелеңдеген жолының оң жағы жардың шеті, құлаған бойда сайдың табанынан бір-ақ шығады. Сондықтан сол жаққа бұра тартты. Сол-ақ екен, қатты екпінмен барып жарға соғылған техника демнің арасында отқа оранып шыға келді. Осылайша, көлікте болған ҰҚК Шекара қызметі «Боран» десанттық-шабуылдаушы мото-маневрлік тобының аға барлаушысы сержант Ардақ Қазиев пен Қырғызстан Республикасының азаматы «тілсіз жау» өрттің ішінде қалып қойды. Құтқару мүмкін болмады!

Ардақ Қызылорда облысында дүниеге келген. Отанына қызмет атқаратын маңызды сәт туып, шекарашылардың сапына қабылданған ол өзінің мерзімді қызметін Жаркент шекара отрядында бастаған болатын. Спортпен шұғылдану жас жігітті Шекара қызметінің арнаулы мақсаттағы тобының қатарына лайықты кандидат еткен. Мерзімді қызметін аяқтап, ҰҚК Шекара қызметі директорының маңызды жауынгерлік тапсырмаларын орындауға әбден машықтанған «Боран» десанттық-шабуылдаушы мото-маневрлік тобына алынған ол өзінің қаруластарымен бірге арнайы операцияларға, шекара бұзушыларды құрықтауларға қатысты.  Ел шебінде көрсеткен ерен еңбегі мен табандылығы, Отанына адалдығы үшін жоғары басшылықтың марапатын иеленді.

Ол өзінің туған жерінде әскери құрметпен жерленді. Контрабандашыларды құрықтау кезінде қаза тапқан ер шекарашының қабірі басына ескерткіш орнатылған. Ардақты мәңгілік ететін тағы мәрмәр тас өзі қызмет атқарған әскери бөлімнің орталық алаңында бой көтерді.

Иә, ел шебінің өмірі романтикаға толы, қызықты әрі қауіпті де. Шекараның әрбір сүйемі үшін ерлік жасауға даяр тұратын шекарашылар сындарлы сәтте өз жанын қиюға дейін барады. Ардақ та – солардың бірі. 

Қайқы асуы. Шекарашының демі үзілген Қайқы асуы жайлы айтылатын тарихтар аз емес. Шоқан Уәлиханов Қашғарияға бара жатқан сапарында осы асуды басып өткен. Орыстың атақты саяхатшылары да осы асуда тұрып, иығымен көк тіреген тауларды барлаған. «Жібек жолы» да осы жерден өткен деседі... Болса болар. Бәрінен де бұрын, Қайқы асуы мына даланың қорғаны секілді. Есімі ҰҚК Шекара қызметінің кітабына алтын әріппен жазылған Ардақ сол қорғанның жауынгеріне айналған. Мәңгіге.

Бейбіт күнде біз білмейтін мазасыз минуттар мен көрінбейтін майдандар өтіп жатады. Сол ержүрек сарбаздар мен Отанға берілген, темірдей тәртіпке бағынған сарбаздардың арқасында біздер алаңсыз өмір сүреміз, алғаусыз тіршілік етеміз. Ал ол төгілген тер мен теңдессіз жанқиярлықтың бодауына келетінін ұмытпайық.