Көне Сарайшық қалпына келтіріле бастады

Атырау облысында көне Сарайшық қалашығын қалпына келтіру жұмыстары басталды, деп хабарлайды ATPress.kz

Ортағасырлық Сарайшық қаласының орнында археологиялық қазба жүмыстарының басталғанына да көп жылдың жүзі болды. Әйтсе де, жүйелі түрде қарқынды жүмыс жүргізілген жоқ. Жеткілікті көңіл бөлінбегендіктен табылған құнды жәдігерлер қолды болды. Қалашықтың Жайық жағалауы бөлігін су шайып кетті. Осындай жағдайда тарихи мұрамыздан айырылып қаламыз ба деген күдік болғаны рас.




Соңғы жылдары бұл жұмыстардың жандана түскені көңілге үміт ұялатады. Осыдан екі-үш жыл бұрын қалашықтың сызбасы табылуы қазба жұмыстарына тың серпін бергендей. Осы уақытқа дейін тек қазба жұмыстары жүргізіліп келсе, енді қаланың табылған орнын қалпына келтіру жұмыстары да қолға алына бастады. 




Қазіргі таңда аумағы 400 шаршы метр кесене ғимараты қалпына келтірілді. Тағы да сегіз үй қалпына келтірілу үстінде. Ошақтары, тандырлары, жер астынан қыздыратын кан пештері, мұржалары толықтай сақталған.Қалпына келтірілген көрініске қарап тұрып бір сәт өзіңді сол дәуірге келгендей сезінесің.




Қазба жұмыстары барысында табылған орындарды осылай қалпына келтіріп отырса, ортағасырлық Сарайшық қаласының толық көрінісін тамашалайтын күн де алыс болмас деген үміттеміз.


Әндіржан Мұханғалиев

ATPress.kz