Ауғанстан елінен Кеңес Одағы әскерінің шығарылғанына 15 ақпанда 32 жыл толды. Ашық түрде жарияланбағанымен, зардабы ешуақыт өтелмейтін бұл майданның жауынгерлері не айтады бүгін? Қоғамнан лайықты бағасын алды ма? Өздеріне тиесілі сый-құрметпен бірге, жеңілдіктерін алып жүр ме? Осы және басқа да сауалдар төңірегінде бүгінгі кейіпкеріміз Ауған соғысы ардагерлері кеңесі Атырау облыстық филиалының төрағасы Ғабиден Қайыржановпен өрбіген әңгімемізді ұсынамыз.
- Ең алдыменен, қазіргі ауған соғысы ардагерлерінің мәртебесі туралы, олардың алып отырған жеңілдіктері жөнінде бірер ауыз әңгіме қаузасаңыз...
- Өткен жылы парламентке ұсыныс жасадық. Кеңес Одағындағы жеңілдіктерді қайтарып берсе, оның ішінде үйдің кезегінде, жерге, көлікпен қала ішінде жүру, коммуналдық қызметтерге, басқа да жеңілдіктерді қарастырса деп едік. Жасыратыны жоқ, облыс бойынша айына 15 мың теңге, республика бойынша қазір 18 мыңға дейін көбейтті деп жатыр, оны да нақтысын білмейміз ғой, бұрын 13 мың теңге жеңілдік алатын едік. Былайша айқанда, 28 мың теңге көмек беріледі. Былтырғы елді басқан індетке байланысты да туындаған кейбір қиындықтарға орай жұмыстан қысқарту да орын алды. Ауғандықтардың көбі, жасыратыны жоқ, басшылық қызметте емес, шөпірлік, сантехник қызметтерін атқарады ғой. Телефон шалады. Біздің де өтінішімізді кейбір басшылар қабылдағысы келмейді. Осындайда, зейнеткерлікке дейін жұмыстан шығармау сынды жеңілдіктер қарастырылса. Өзекті мәселелер айта берсе көп. Мысалы, Қазақстан бойынша «ауғандықтардың» жалпы саны 15 мың, бұл бүкіл елге дым емес қой. Оның барлығының үйі жоқ емес. Үй ала алмай жүргендерінің саны әрі кетсе 1-2 мың болар. Үкіметтің тарапынан оларға жәрдем беруге мүмкіндік бар деп ойлаймыз. Көршілес Ресей, Қырғызстанда бұрыңғы Кеңес Одағындай Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген мәртебесі қалған. Сол жеңілдіктерді әлі пайдаланып келеді. Біздің де сұрайтынымыз сол ғой. Екінші жағынан жастарды тәрбиелеу мақсатында пайланса да болады. Мектептерге, колледждерге барамыз, әскерге барудың маңыздылығын айтамыз. Біздің қазіргі жастарымыз да өте нәзік. Сондықтан спортпен шұғылдануы керек, еңбек етуі тиіс. Әскер қатарына дайындалуы қажет. Отанды кім қорғайды? Алтай мен Атырау арасындағы ұлан байтақ жерді ата-бабаларымыз кім үшін тастап кетті? Ұрпақ тәрбиесіне мән берілуі керек. Өйткені, қазақты қорғайтын да, қазақтың атын шығаратын да қазақ қана!
- Ал, өзіңіздің Атыраудан әскерге аттанған кезіңіз есіңізде ме?
- Иә, есімде. Мен бұрынғы Теңіз, қазіргі Құрманғазы ауданынан 1979 жылдың 13 сәуірінде шығып, 15 жұлдызында Атыраудан аттандық. Бірден Қырғызстанның Ош қаласына түстік. Вагонға тиеліп, пойызбен үш-төрт күн жүріп жеттік. Ош қаласынан түсіріп, әскери киімдерімізді киіп алдық. Шашымызды алдық. Алғашқыда бір-бірімізді танымай қалдық. Киім бергенде де қызық. Бірімзге үлкен, бірімізге тар. Бір-бірімізге айқалайап, әзер таптық.
Төрт күннен кейін Словакияның Елшава қаласындағы әскери бөлімшеге түстік. Енді ол жердің табиғаты, тұрмысы дегендерің керемет еді. Ең бірінші рет өте жақсы казарманы да көрдік. Едендері жалтырап жатады, керуеттері, төсек орындары бәрі де керемет. Жеміс-жидектің бәрі де өсіп тұр. Сол жерден Ауғанстанға барғанда, мүлдем бөлек қой. Екі елдің айырмашылығы жер мен көктей. Жарық жоқ, газ жоқ, жуынатын жер де жоқ.
- Ауғанстанға қашан түстіңіз?
- 79 жылдың аяғында, 80 жылдың басында кірдік қой. Толығымен 80 жылдың қаңтарында кірдік, бірақ, оған дейін 79 жылдың аяғында әскери қолбасшымызды шығарып салып, кіріп шыққанбыз. Сол кезде БТР-70 деген техниканы және АК-74 автоматын алғашқы сынақтан өткізген біз болдық. Мысалы, Чехословакияда АК-72 болды бізде, онымен атқанда кері серпін беріп, тебетін еді. Ал, мұндағы автоматымыз жеңіл, соғысқа бейімделген қару болып шықты. БТР-70 де ерекшелігі көп болды. Бұған дейінгі БТР-62 де жанынан шығатын люк болған жоқ. Көліктің үстінен секіресің жүріп келе жатқанда. Бұл қауіпті ғой. Жоғарыдан атады дегендей. Ал, жаңа үлгісінде жанынан шығасың. Осындай ерекшеліктері бар қару мен техниканы сынақтан алғашқы рет соғыс жағдайында өткізген біз едік.
- Алғашқы ұрысыңыз есіңізде ме?
- Иә, әрине, есімде. Ең бірінші үлкен шайқасымыз Маймана провинциясында өткен болатын. Оған дейін де операцияларға қатыстық. Барамыз қоршаймыз, күзетеміз, тыныш өтетін. Ал, Майманадағыдай ашық шайқас болмап еді. Сонда Сағындық деген досымыздан айырылдық. Ертесіне кишлаққа кірсек, жағалай үйінділер. Танкі де, БТР де кіре алмайды. Жан-жағымыздан «одиночкамен» атқылап тұр. Таңертеңгі тоғызда кіргеннен кешкі алтыда әрең шықтық қой. Сол арада төрт-бес күн болдық, көптеген дұшмандарды ұстадық, қару-жарақ қоймасын алдық.
- Өзіңізбен бірге түскен майдандастарыңызды көп жоғалттыңыз ба?
- Менімен бірге барғандардан біреуі із-түссіз жоғалып кетті, біреуі қаза тапты. Бірі Құрманғазы ауданынан Амантай деген, екіншісі Берік Құбаев деген Балықшының жігіті. Сосын рота старшинасы қаза тапты.
- Алғашқы кіргендерге марапат- наградалар берілген жоқ дейді ғой...
- Енді берілмегені рас. Өте сирек жағдайларда болмаса, негізі берілген жоқ. Бірақ, бізді талай рет орден-медальға ұсынғанын көрдік. Мәскеудегілер бұл соғыс туралы жария қылғысы келмей, айтқысы келмей ұзақ ойланды-ау деймін. Тыныштықпен басылады деп ойлаған болуы керек. Дегенменен, командирлеріміз наградаға ұсынған құжаттарды көрген едік. 1981-83 жылдар аралығында награда дегенің болмады десем, артық айтпаған болармын. Содан соғыстың ұзаққа созылатынын түсінді ме, біртіндеп ашыла бастады ғой. Елге қайтар кезде «особистердің»: «соғысқа қатысқан жоқпыз, зауытты, мектепті күзеттік деп айтасыңдар», деген тапсырмалары болды. Тіпті, әскери билетімізге де, қанша операцияға қатыссақ та, ештеңе жазылмады. Әрине, марапат-мадаққа қызығып отырған ештеңеміз жоқ қой, аман-есен елге келдік, ата-анамызды көрдік. Ағайын-туыс, дос-жаранмен аман-есен қауыштық, бізге жылтырақ темірі де, марапаты да керек емес те еді.
- Сіздер елге оралған кезде Ұлы Отан соғысы ардагерлері де болды. Одардың тарапынан сұрақтар қойылды ма, қандай көзқараста болды сіздерге?
- Олардың тарапынан сұрақтар қойылды. «Ауғанда қалай соғыстыңдар?» деп сұрайды. Олар бізден де көп қиындықты көргендер, бір винтовкамен үш солдат соғысқандар ғой. Қасындағы кім өледі, соның қаруын келесісі алып, атады. Біздің қару-жарағымыз толық болды. Баймашев деген атамыз болды. Немістерді тұтқынға түсірген, керемет батыр кісі. Өзі де ірі, денелі болатын. Көп әңгімелесетін едік. Соларға түсіндіріп, «аға, біз де ашық соғыс жоқ. Күндіз қасыңда дихан болып, мал бағып жүреді, түнде келіп атады немесе мина құрып кетеді. Алғашқы кезде блиндаж, траншеяда түнейтінбіз. Елге қайтқанша казарма деген болған жоқ», деп айтатынбыз. «Сонда совет өкіметі соның бәрін неге апармаған?», деп таң қалатын. Содан кейін барып олардың көзқарасы өзгере бастады бізге деген. «Керемет қару-жарақпен дамымаған елді қалай баса алмай жатыр?», деп таң қалатын едік», – деп отыратын.
- Дұшманмен бетпе-бет келіп көрдіңіз бе?
- Иә, көрдім. Жекпе-жекке шығып көргеніміз жоқ. Ашық шайқаста, атыс кезінде дегенім ғой. Бір қалыптасқан дағды бойынша, мынау киноларда немесе баспсөз беттерінен, телидидардан көргеніміз бойынша, дұшман дегенің бір қауға сақал, еңгезердей біреулер болар деп елестетуге болатын шығар. Ал, шындығында мүлдем олай емес. Оларды да түсінуге болады. Өз елін, жерін қорғап жүргендер. Шынашақтай ғана жігіттер, қолында автоматы ғана бар. Қасымдағы ротадағылар тұтқынға дұшмандарды түсіріп алып келген болатын. Біз кезекті операцияға дайындалып жатқан едік. Енді, тұтқындарды алып келді дегенде, қызықтап бардық. Барсақ, удай арық екі адам отыр. Мынаның қай жері дұшман деп таң қалдық.
- «Қара майор» атанған Борис Керімбаев туралы әңгімелердің бәрі де шындыққа жанаса ма?
- Мен Борис Төкенұлы ағамызға жиі хабарласып тұрдым. Алматыға барған сайын соғып кетем. Шайын ішем, әңгіме айтамыз. Сол кезде ағамыздан сұрадым: «Осы Ахмад Шах Масудпен кездескеніңіз рас па?», – деп. «Өтірік. Бірақ, мен кездесуге бардым. Кездесуіміз керек еді. Ол келген жоқ. Оның орынбасарымен кездестім. Кітапта жазады кездескені туралы, бірақ, кездеспедік», – деді.
- Ал, «Қара майордың» басына бір миллион АҚШ долларын тіккені рас па?
- Ол рас нәрсе! Тағы бір уәж бар айтатын. Совет өкіметі кезінде Ауғанда қаншама офицер болды? Жүздегені болған шығар. Ал солардың ішінен біздің қазақ жігітінен мұсылман батальонын сеніп тапсыруы тегін емес деп ойлаймын. Ауған соғысы кезінде аңызға айналған адам! Бірақ, соған да орыстар «Герой» атағын берген жоқ, өзіміз де «Халық қаһарманын» бермедік! Кезінде біздер ұсынып едік... Біздің бас иіп, құрметтейтін ардагеріміз сол кісі!
- Ресейдің көптеген офицер-генералдары «Қара майор» туралы жылы лебіздерін айтып жүр ғой...
- Айтқаны не керек? Бір «Герой» атағын аяды ма? Қаншама боқмұрын бала «Герой» атанып жүр. Ең қиын деген тапсырманы осы кісіге тапсырды, екі ай ұста деген жерді, алты ай ұстап тұрды! «Қазақ – антына берік!», деген тегін айтылған сөз емес! Ұлы Отан соғысы кезінде де қаншама аталарымыз, Бауыржан көкелеріміз ерлік көрсетті. Бірақ, менің бір нәрсеге қарным ашады: Ұлы Отан соғысында өздері жеңген сияқты! Киноларда басқа ұлтты неге қоспайды, айталық қазақты, өзбекті, татарды, қырғызды, ингушті, шешенді? Біз өзімізді құрметтей білейік. Өзіміздің батырларды құрметтемесек, кім құрметейді?
- Сұқбатыңызға рахмет!
Жазып алған Қаршыға Көшеков
Фото Ғабиден Қайыржановтың мұрағатынан алынды.
Бейнетүсірілім Арсен Борановтікі