БАТЫР ШЕКАРАШЫ ҚЫЗ

«Шекаралық бақылау! Лейтенант Мукушева...», деп басталатын жолдардың күндердің күнінде біреулер үшін жасын отындай болып жарқ етіп шыға келеді деп кім ойлаған? «Лейтенант...» Айбарлы. Шекарашы үшін құлаққа айбарлы естілетін есім біреулердің тамағына тұрып

Бүгін де тәуліктік кезекшіліктен шыққан Әсел өз-өзінен жымиып күлді. Сосын, қуыстанған қыз мұнысын біреулер көріп қоймады ма екен дегендей, жан-жағын байқатпай ғана шолды. Жоқ. Өзіне күндегідей қадала қарап тұрған көздер көрінбейді. Дәлірек айтсақ, бұл – сұлу қыздың сымбатты тұлғасына соншалықты жараса қалған шекарашының формасына қызыға қараған көздер емес еді. Керісінше, өшпенділікке, қоқан-лоқыға толы... Неге?

Иә, осынау «негенің» астарында сұрапыл шындық жатыр еді. ҰҚК Шекара қызметінің лейтенанты Әсел Мукушева контрабандашылар үшін қауіпті болып шықты. Бәрінен де шекарашы қыздың түйсігі өзін алдамайтын, мықты болғаны да заңсыз әрекетке барғандарды тығырыққа тіреп тастаған. Қолдарынан келсе, қызды бүріп тастауға бар. Бірақ ол өзінің атына айтылған небір қорқыту-үркітулердің бірін де қабылдаған жоқ. Мүмкін, кинодағыдай криминал әлемі серкелерінің де зығырданын қайнатқан болар. Білеріміз, бұл да шекарашы офицерді алған бетінен қайтара алмайтын еді. Өйткені өзінің «Отан қорғаушы» деген мамандығын қастерлейтін әрбір офицер үшін «ары – жанының садағасы». Оны ешкім ақшаға сатып ала алмайды. Бұл әсіресе, «ғасыр тажалы» деген атпен белгілі есірткі тасымалдаушыларға қатысты еді. Лейтенант Ә.Мукушева шекарадан контрабандалық тауарларды жасырын өткізбек болғандардың жолына тосқауыл болған шекарашы қыз, ол өзінің Отанына берген антына адал болатын.

Әсел Семей облысының Жарма ауданына қарайтын Георгиевка ауылында дүниеге келді. Ұлы хакім Абайдың рухани досы Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін бітіргеннен кейін қызды шекара мен шекарашылардың өмірі өзіне магнитше тартқан көрінеді. Неге? Мұны қыздың өзі ешқашан түсіндіре алмас еді... Мүмкін, бұған бірден-бір себепші, сол жылдары Семейдің көшелерінде жаңадан пайда бола бастаған шекарашылардың өздері болар? Ердің ері ғана шыдас бере алатын мамандыққа нәзік жандылардың қол жеткізуі ол кезде қиынның-қиыны болатын. Алайда сәттілік ханшайымы болашақ шекарашы офицерді айналып өтпеді. Сол жылы ҰҚК Әскери институты қыздарға арналған бір жылдық курсқа қабылдау жариялады. Сол-ақ екен өз отына өзі жанып, өзінің күлінен қайта тірілетін феникс құс секілді дүр сілкініп шыға келген Әсел де мұндай мыңнан бір мүмкіндікті уысынан шығарған жоқ. 

Сонымен, иықтарына шен тағып, өздерін әскери ортадан көргісі келген қыздардың біріне айналып шыға келген Әсел сынақтардан сәтті өтіп, шекарашылар оқу ордасының курсанты аттанды. Әрі қарай курсанттар – болашақ шекарашы офицер қыздардың Әскери институт қабырғасындағы жеңіл деуге әсте болмайтын өмірі де басталған. Курсант қыздар теорияны оңай еңсерсе, есесіне денешынықтырудан бастап, барлық әскери қолданбалы ғылым олар үшін бірден шағыла қоймайтын жаңғақ, «кедергі жолақтарына» айналған. Бірақ курсқа қабылданған қыздардың көпшілігі бұл мамандықты кездейсоқ таңдамаған еді, керісінше өздерінің саналы ғұмырларын осы мамандыққа арнауды түбегейлі шешкен-ді. Сондықтан да оқудың барлық қиындығына өздерінің нәзік иықтарын тоса білді. Әсел бір жылдық курсты үздік аяқтады.                                                

Міне, контрабандашылар мен есірткі тасымалдаушылардың зәре-құтын қашырған өз қызметінің майталманы офицер Әсел Мукушева шекараға осылай келіп еді.

Лейтенант Ә.Мукушева өзінің алғашқы шекарашылық қызметін «Өскемен» шекаралық бақылау бөлімінде бастады. Одан кейін 2003 жылдың қарашасында «Ауыл» (автокөліктік) шекаралық бақылау бөлімшесіне ауыстырылды. Қайда жіберілмесін, ол шекарашылардың білім ошағында алған білімін ел шебінің қажетіне жарата білді. Солардың бірі, әсіресе шекарашы үшін таптырмас қасиет – түйсік еді.

...Әдеттегідей жеңіл көліктерді бақылаудан өткізуге кіріскен офицер қыздың алдына кезегі жетіп, «Мерседес-Бенц-200» маркілі автокөлігі келіп тоқтады. Осы сәтте ол көлік жүргізушінің жүзінен әлденеге алаңдаулы екенін сезді. Бірақ байқамаған түр танытқан аға ауысымшы көлікті тексеруді жалғас­тыра берген.

Көлік иесі бекер алаңдамайтын секілді... Темір «қораптың» жұрт көзінен таса жерінде бір нәрсенің жасырулы екені айдан анық. Өзінің ішкі түйсігі солай дейді. Мұны іштегі арбасқан екіұдай тартыс деп те айта алмайсыз. Демек барлық мүмкіндікті байқап көру керек... Қапы қалмас үшін. Ал мұндайда шекарашылар «ұрыста тұрыстың жоқ екенін» жақсы біледі.

Көлікті түкпірдегі тереңдетіп тексеретін орынға жеткізіп, асықпай «бөлшектеуге» кіріскен шекарашы бақылаушылар көп өтпей «алтын көмбеге» жолықты. «Алтын көмбе» болғанда қандай! Ірі көлемдегі есірткі. Осыған қарағанда, есірткі тасымалдаушылар өздерінің шекарадан кедергісіз өтетіндеріне сенімді болған сыңайлы. Әлде «тәуекел түбі желқайық, өтерсің де кетерсіңді» малданды  ма? Мұны біз білмейміз? Білеріміз, лейтенант Әсел Мукушеваның түйсігінің арқасында 10 келідей героин мен 47 келі апиын шикізаты шекарадан өткен жоқ. Бірден оқиға орнына құзырлы мекеменің қызметкерлері шақырылып, екі елдің шекарасынан аса ірі көлемдегі есірткіні өткізбекші болған азаматтың қолына кісен салынды.

Арада 12 күн өткенде Әсел өзінің кішігірім ерлігін тағы да қайталады. Қырғыз елінен Ресей Федерациясына бара жатқан «ГАЗ-3110» автокөлігі аға ауысымшының бірден күдігін шақырған. Әсел бұл жолы да қателеспеген еді. Салонның артқы бөлімінен жасырын орын табылды. Шекарашылар осы жерден 21 келі героинді тәркіледі.

Осындай оқиғалар апта сайын қайталанып тұратын. Әрине, осыдан кейін шекарашы офицердің атына контрабандашылар тарапынан қорқытып-үркітулер мен қоқан-лоқылар қалайша жасалмасын? Есесіне, шекарашы офицер «ғасыр тажалы» атанған есірткінің бір граммын да шекарадан өткізбей тастады. Міне, шекарашы қыз, міне, біздің батыр әріптесіміз.

Қарап тұрсақ, шекарашы бақылаушылардың өмірі мен атқаратын қызметтері нағыз романтика ғана емес, бүтін бір ғылымға да негізделген бе дерсіз. Күн сайын жүздеген адаммен кездесудің өзін айт-айтпа, бұл бақылаушылардың мамандықтарын дамытып, кәсіби деңгейлерін үнемі арттырып отыр­уды талап етеді. Сосын да застава мен шекаралық бақылау бөліміне жүктелген міндет бір болғанымен, атқаратын қызметтерінің екі түрлі болып келетіні бар. Себебі застава өзіне сеніп тапсырылған жүздеген шақырымды күні-түні кірпік қақпай күзетеді. Шекараға өз аяғымен барған адамды ұстау үшін бірден дабыл тобын көтереді. Ал бақылау­шылар алдына келген адамның ішіне бүккен арам ойы бар ма, әлде заңды сыйлаған азамат па, осының барлығын анықтау үшін ең алдымен ішкі түйсіктеріне, өздерінің алған білімдері мен біліктіліктеріне жүгінеді.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын күзету ісіне қосқан зор үлесі үшін лейтенант Ә.Мукушева «Шекараны үздік күзеткені үшін» медалімен марапатталды. Бұл – ең алдымен жас офицердің контрабандашыларды анықтаудағы қабілетінің ерекшелігіне берілген марапат болатын.

Бүгін майор Әсел Мукушева қырағы шекарашы бақылаушыдан – ҰҚК Шекара қызметі Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің байыпты аға офицеріне айналған. Ол осыған дейін әуежайда, теміржолда қызмет атқарды. Демек өзінің осыған дейін жинаған бай тәжірибесін өзгелермен, енді келіп жатқан соңғы буын шекарашы бақылаушылармен бөлісіп қана қоймай, үйрететін кез де келіп жетті. Өйткені, шекараға Әсел секілді мықты шекарашы бақылаушы керек.

Әсел – екі баланың анасы. Қызы колледждің студенті, ұлы мектепте оқиды. Өзінің қолтаңбасын ел шебіне мықтап қалдырған шекарашы балаларына да уақыт табуға тырысады. Шекарашы тәлімгердің қызметтен тыс уақыты тым санаулы екеніне қарамастан, отбасының тәрбиесіне де көңіл бөледі. Өйткені Отан – отбасынан басталады. Бүгінгі отбасы тәрбиесінің тура жолға қойылуы – ертеңгі Отан алдындағы міндетімізді танудың басты кепілі.