Жәнібек Әлімханұлы күтілген жекпе-жектің өтпей қалуы жанкүйерлерді ғана емес, өзін де қатты таңғалдырғанын айтты.
Бұл туралы Жәнібек Әлімханұлы әлеуметтік желідегі жазбасында түсіндірді. Оның айтуынша, команда бастапқыда VADA-дан «анализ таза» деген ақпарат алған, алайда кейін екінші сынамадан күмәнді дерек шыққаны туралы хабар жеткен.
«Бұл жаңалыққа біз қалай таң қалсақ, көп жанкүйер де солай таң қалғанын білеміз. Көңіл күйіміз түсті. Өйткені асыға күткен жекпе-жек өтпейтін болды. VADA-ның алғашқы анализдері таза деген болатын. Екінші анализде даулы мәселе шықты. Екі анализ арасында тамаққа да, витаминге де еш өзгеріс жасамадық. Бұл қалай болды деп өзіміз де түсінбей отырмыз», деді ол жазбасында.
Боксшы сондай-ақ дайындыққа жұмсалған күш пен шығынның босқа кеткендей болғанына қынжылысын білдірді:
«Қаншама еңбек, қан мен тер төгілді. 4 айдан бері басқа елдеміз. Шығындар бар, отбасыдан жырақ жүрміз. Біз үшін бұл жаңалық оңайға соқпады» деп жазды Жәнібек.
Әлімханұлының сөзінше, командасы әрдайым таза спортты қолдап келеді. Қазір менеджерлер мен заңгерлер қайта тексеру, қосымша зертхана сараптамалары бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. «Қайта анализ тапсырсақ деген өтінішті айттық. Ескі анализдің екінші нұсқасын да тексерту жұмыстары жүріп жатыр. Мамандардан хабар күтіп отырмыз» дейді чемпион.
Ол қиындыққа мойымайтынын жеткізді:
«Үлкен спортта түрлі қиындықтар болады екен. Бұл қиындықтан да өтеміз бұйыртса! Ең бастысы – еңсені түсірмеу. Қолдау пікірлеріңізге мың алғыс. Жанкүйерліктің көрінетін кезі осы сәт!» делінген жазбада.
Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлының жекпе-жегі өткен аптада жоспарланған болатын. Қазір жағдайды нақтылау бойынша ресми тексерулер жалғасып жатыр.