Жылыойлық жасөспірім Азия чемпионатына жолдама жеңіп алды

Жылыойлық Дәулет Теңелбай бокстан Қазақстан чемпионы атанды

2025 жылдың 26-31 қаңтар күндері Қостанай қаласында бокстан 2011-2012 жылы туған жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Байрақты бәсекеге еліміздің 20 өңірінен 385 боксшы қатысты. Бұл жарыстың жеңімпаздары Азия чемпионаты мен Дүниежүзілік Гимназиада ойындарына жолдама жеңіп алды.

Жылыой ауданының түлегі Дәулет Теңелбай 35 келі салмақ дәрежесінде топ жарып, Қазақстан чемпионы атанды. Аудан әкімдігінен білгеніміздей, ол спорттағы алғашқы қадамдарын Жылыой ауданы №1 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде бастаған. Алғашқы жаттықтырушылары – Жәнібек Әжібай мен Әділет Көрпебаев. Қазіргі таңда Дәулет олимпиадалық резервтегі облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде білім алып, спорттық шеберлігін шыңдауда.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ