Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағынан айырылды, деп хабарлайды AtyrauPress.
Бұл туралы Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының президенті Рахымжан Ерденбеков мәлімдеді.
Оның айтуынша, IBF ұйымының қатаң ережелеріне сәйкес әрбір чемпион өз белбеуін тоғыз айдың ішінде қорғауы тиіс. Жәнібек Әлімханұлы үшін бұл мерзім 2026 жылдың 4 шілдесіне дейін белгіленген.
Алайда отандасымыз 2026 жылдың 2 желтоқсанына дейін бір жылға бокстан шеттетілген, сондықтан белгіленген уақытта чемпиондық белбеуін қорғау мүмкін болмай отыр.
— Бүгін бір сағат бұрын IBF шешімі келді. Ұйымның қатаң ережелері бар, хатында соған сілтеме жасалған. Хатқа сәйкес, Жәнібек Әлімханұлы 2026 жылғы 2 желтоқсанға дейін шеттетіледі. Ал ережелер бойынша әрбір чемпион өз белбеуін тоғыз ай ішінде қорғауы тиіс, яғни Жәнібек оны 2026 жылғы 4 шілдеге дейін қорғауы қажет, — деді Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының президенті Рахымжан Ерденбеков.
Осылайша, белгіленген мерзімде титулды қорғау мүмкін болмағандықтан, IBF ұйымы Жәнібек Әлімханұлын чемпиондық атақтан айырды.