WBO және IBF тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы кезекті жекпе-жегі алдындағы допинг тестінен өтпей қалды, деп хабарлайды AtyrauPress. Танымал Америкалық «The Ring magazine» кәсіпқой бокс басылымының хабарлауынша, Жәнібек Әлімханұлы VADA сынағынан кейін өнімділікті арттыратын дәріні қолданғаны туралы жағымсыз қорытынды шығарды.
Осылайша, осы сенбі күнге жоспарланған Жәнібек Әлімханұлы және Эрисланди Лара арасындағы орта салмақтағы WBO, IBF және WBA белбеулері үшін біріккен титулдық жекпе-жекке қатыспайтын болды.
"Мен әрқашан таза спортты қолдаймын. Мұны жақсы білесіздер. Мен таза спортты насихаттап жүргенімді де білесіздер. Жаңалықты оқып таң қалып отырмын.
VADA бірінші рет анализ алып бәрі таза деп еді. Мен витаминдеріме де тамағыма да ешқандай өзгеріс енгізбедім.
Екінші рет тестте неге мұндай болғанын түсінбей отырмын, біз қайта анализ тапсыруға өтініш айттық. Жауабын күтіп отырмыз!" - деп жазды боксшы Instagram-дағы парақшасында.
Фото: Sports.kz