«Темір адам»: Атыраулық имам әлемдегі ең қиын спорттық сайысқа қатысқан дін өкілі атанды

Атырау қаласындағы Мәулімберген мешітінің бас имамы Наркес Боханов әлемде тұңғыш рет Ironman триатлон сайысына қатысқан тұңғыш имам атанды деп хабарлайды AtyrauPress.

Ол жақында Түркияның Анталия қаласында өткен әйгілі Ironman жарысында бақ сынап, триатлонның қатаң нормативін сәтті орындап шықты. Айта кетсек, Ironman - бұл әлемдегі ең қиын спорт түрлерінің бірі, оған қатысушылар 1,9 шақырым жүзеді, 90 шақырым велосипед тебеді және 21 шақырым жүгіріп өтеді.
- Триатлонға қатысқаныма әлі бір жыл болған жоқ. Соған қарамастан осындай нәтиже көрсету - мен үшін үлкен сынақ әрі рухани тәжірибе болды. Бұған дейін Ақтауда өткен ашық су жарысында 5 шақырым жүзіп шыққан едім. Осы жетістігімді көрген жанашыр азаматтар мені қолдап, Ironman-ге қатысуға мүмкіндік берді. Демеушілерім мен бапкерлеріме алғысым шексіз», - дейді Наркес имам.
Имамның айтуынша, спорт пен имандылық - бір-бірімен егіз ұғым.
- «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) “Күшті мұсылман - әлсіз мұсылманнан жақсырақ әрі Аллаға сүйіктірек” деген хадисі бар. Уақыт тапшылығы, жамағат алдындағы жауапкершілік, отбасылық шаруалар - бәрі бар. Бірақ соған қарамастан денсаулық пен рухани тепе-теңдікті сақтауға тырысамын. Адам бос жүрмеуі керек. Әр сәтін игілікке жұмсап, өз денсаулығын, рухын дамытып отыруы қажет», - дейді ол.
Айта кетейік, Наркес Боханов отбасылық құндылық тақырыбында дәрістер өткізіп, қоғамдағы тәрбиелік мәселелерге жиі үн қосып жүр. Оның жұбайы - -психолог.
- «Екеуміз қоғамға пайдалы болуды мақсат етеміз. Дін мен психология - екеуі де адамның жан дүниесіне қызмет етеді», - дейді «темір имам».
Осылайша, рухы мықты, қажыр-қайраты кемел имам дін мен спортты ұштастырып, көпшілікті таңдай қақтырды.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ.