Тандайда дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынуда

Махамбет ауданындағы нысанның құрылысы осы жылдың қазан айында басталған болатын. Бүгінгі таңда жері тегістеліп, монолитті-темірбетонды іргетасы толығымен құйылды. Нысан барлық құрылыс материалдарымен қамтылған. Сыртқы қабырғаларды керамикалық қатардағы толық денелі бір кірпіштен толтыру күтілуде. Нысан бағандарының арматуралық каркастары толығымен тоқылып, бетон құю жұмыстары жүргізілуде. Спорт кешенінің ғимараты деформациялық тігіспен бөлінген екі блоктан тұрады. Бұл туралы облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрберген Құсайынов мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Кешеннің тапсырыс берушісі облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы болса, бас мердігер мекемесі «Сұнқар Құрылыс ЛТД» ЖШС. Нысанның жалпы ауданы 2077,12 шаршы метр. Спорт кешенінде әмбебап зал, боксқа арналған зал, күрес залы, жұмыс бөлмелері, көмекші және қызмет көрсету мақсаттағы үй-жайлар мен шаруашылық үй-жайлар қарастырылған.

- Спорт зал баскетболға арналған мобильді тіректермен, волейбол торымен және шағын футболға арналған қақпалармен қамтылады. Тренажер залы заманауи жабдықтармен жабдықталса, жүгіру жолы бар кардио аймағы да қарастырылатын болады. Дәрігер кабинеті алғашқы медициналық көмек көрсету үшін барлық қажетті құралдармен жабдықталады,- деді Н.Құсайынов.

Айта кетейік, аталған спорт кешенін 2024 жылы қараша айына пайдалануға берілу жоспарланып отыр.