Шәкірттеріме сәттілік серік болғай!

Мен бүгін шәкіртім, атыраулық дзюдошы Абиба Әбужақынова 48 кг дейінгі салмақта жақсы өнер көрсетіп, Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан ХІХ жазғы Азия ойындарының финалына шыққанына қуаныштымын.

 Мұның өзі зор жетістік деп білемін. Абиба жартылай финалда Оңтүстік кореялық Ли Хек Енгті жеңді. Сәл ертеректе Әбиба алғашқы белдесуінде Филиппин спортшысын вазари әдісімен, одан кейін Солтүстік Корея палуанын ұтқан еді.

Қытай елінің төрінде шеберліктерін танытып жатқан жерлестеріміздің қатарында тағы бір атыраулық спортшы бар, ол – дзюдошы Есімгүл Куюлова. Ол да менің шәкіртім. Есімгүл – Атырау тарихында жастар арасында Азия чемпионы атанған алғашқы ару. Сондай-ақ ол былтыр Азия және Еуропа Кубогтерінің иегері атанған болатын. Ал, өткен жылы Тайланд елінің астанасы Бангкок қаласында дзюдодан жастар арасында өткен Азия чемпионатында алтыннан алқа тағынды.

Тағы бір айрықша атап өтерлік жайт, сары құрлықтағы додаға қатысатын жерлестеріміздің ең үлкені Жақсылық Тілеулин 38 жаста болса, ең кішісі атыраулық Егор Белоусов – 16 жаста.

2a62a325 7dd7 4cf5 8e3c 1e35e9d2431f

Бұдан басқа, тағы бір шәкіртім Айболат Ыстыбаев 2015 жылы Босния және Герцеговина астанасы – Сараево қаласында жасөспірімдер арасында өткен әлем біріншілігінде чемпион атанды. Ал, Анель Сүлейменова Азия жүлдегері атанып, қазір ол да менің жолымды қуып, жаттықтырушы болып жүр. Сондай-ақ, самбо күресінен ел намысын қорғап жүрген Эльмира Самиғоллаева мен Саида Қапсалыхова атты әлем чемпиондары шықты. Жастар арасында Азия жүлдегері атанған Ақжол Қайыпхан да менің мақтан тұтар шәкірттерімнің бірі.

Өзіме келсем, 1986 жылы Қызылқоға ауданы Мұқыр ауылынан әрірек орналасқан Қоңыраулы деген ауылда дүниеге келгем. Әке-шешем – сол жердің азаматтары. Бертін келе облыс орталығына қоныс аудардым. Өзім спортқа бейім болып өстім. Дзюдо күресімен де облыс және республика деңгейінде айналыстым.

Ал, жиырма жастан бері жаттықтырушы болып еңбек етіп келемін. Мен бапкерлікті таңдадым. Себебі, спортшы болғаннан гөрі оны дайындауға мүмкіншілігім зор екенін түсіндім. Адам баласы, біріншіден, жүрегі қалайтын, екіншіден, икемі бар іспен айналысса, игілігін көбірек көреді деп ойлаймын.

Жалпы, 23 қыркүйек пен 8 қазан аралығында өтіп жатқан төртжылдықтың басты бәсекесіне 524 қазақстандық қырық спорт түрінің отызынан бақ сынап жатыр. Оның 12-сі спорттың бес түрінен Атырау облысының намысын қорғауда. Азия ойындарында табысты өнер көрсету маңызы өте жоғары. Өйткені бұл сында спорттың сегіз түрі бойынша бақ сынайтындар Париж Олимпиадасына лицензияға ие болады. Қазақстандық спортшылар ХІХ жазғы бақ сынайды.

Айтпақшы, құрлық чемпионы атанған спортшыға 10 мың АҚШ доллары көлемінде ақшалай сыйақы беріледі. Ал, алтын медаль иегерін жарысқа дайындаған жаттықтырушыға 5 мың АҚШ доллары қарастырылып отыр. Күміс жүлдегерге 5 мың, ал оның жаттықтырушысына 3 мың АҚШ доллары тиесілі. Сондай-ақ қола медаль еншілеген құрама спортшысына 3 мың, оның жаттықтырушысына 2 мың АҚШ доллары көлемінде ақшалай ынталандыру белгіленген.

Әлем көз тіккен бәсекеде спортшыларға табыс тілейміз!

Мейіржан Есмағамбетов, дзюдо жаттықтырушысы