Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ирландиялық Иан Гэрриден басым түскен Шавкат Рахмоновты UFC-дегі кезекті жеңісімен құттықтады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысы қазақстандық атлеттің кәсіби спортта жетістіктерге жете беруіне тілектестік білдірді.
Айта кетейік, Қазақстан спортшысы Шавкат Рахмонов (18-0) Лас-Вегаста (АҚШ, Невада штаты) UFC 310 турнирінде ирландиялық файтер Иэн Гэрримен жекпе-жекке шығып, төрешілердің бірауыздан шешімімен қарсыласынан басым түсті. Бұл жекпе-жек бес раундқа жоспарланған болатын. Нәтижесінде төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңіс Шавкатқа берілді.
Осылайша қазақстандық спортшы кәсіби мансабында он тоғызыншы мәрте жеңіске жетіп отыр. Ал Иэн Гэрри алғаш рет жеңілістің ащы дәмін татты. Ирландиялық файтер де бұған дейін ешқашан жеңіліп көрген жоқ еді. Қазірге дейін 15 жекпе-жегінің барлығында қарсыластарын қапы қалдырып кетті.
Еске салсақ, бұл Шавкаттың төрешілер шешімімен жеңіске жеткен алғашқы жекпе-жегі. Бұған дейінгі сайыстарда ол жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтады. Ендігі кезекте Шавкаттың орта салмақтағы UFC чемпионы Белал Мухаммадпен (24-3) жекпе-жегі өтуі мүмкін. Алғашқы олардың жекпе-жегі бүгінгі турнирге жоспарланған еді. Дегенмен америкалықтың денсаулығына байланысты ол өтпей қалды.
Фото: "Ақорда"