Орынбек Хамитовты еске алды

Аудандық дене шынықтыру және спорт кешенінде ауданда еркін күрес пен тоғызқұмалақтың дамуына елеулі үлес қосқан ардагер спортшы Орынбек Хамитовты еске алуға арналған еркін күрестен жасөспірімдер арасында ашық республикалық турнир өтті, - деп хабарлайды Құрманғазы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Марат Хасанов, ауданның өкілетті органы саласында марқұммен жұмыстас болған, «Қазақстан Мәслихаттарының құрметті депутаты» төсбелгісінің иегері Рифхат Сұлтанияев және мемлекеттік қызметтің ардагері Хамат Ғаббасов сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Екі күнге созылған дүбірлі додаға құрманғазылық балғын боз кілем шеберлерімен бірге Ресей Федерациясы Астрахань облысының, Шешенстан және Дағыстан республикаларының, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарының, Атырау қаласының жасөспірімдері бақтарын сынап, жас палуандар арасынан мықтылар жеңіске жетті. Айта кетелік, осы турнирге ардагер спортшы Орынбек Хамитовтің немересі, ата ізін жалғаушы Данабек Орынбек қатысып, чемпион атанды.