Мақатта өткен бәйгеде көлікті кім жеңіп алды?
Мақат ауданының 100 жылдық мерейтойына орай ұлттық ойын түрлерінен ұйымдастырылған додаға Қарағанды, Ақтөбе, Маңғыстау және Атырау облысынан спортшылар қатысты, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Олар аламан бәйге, тай жарыс, құнан жарыс, қазақша күрес, гір және қой көтеруден сынға түсті. Бәйгеде барлығы 40-қа жуық сәйгүлік бақ сынады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім етті. 6 шақырым қашықтықта ұйымдастырылған Тай бәйге мен 9 шақырымдық Құнан жарыста маңғыстаулық шабандоздар топ жарды.
Ал 30 шақырымдық аламан бәйгенің бас жүлдесін қарағандылық атбегі қанжығалады. 30 шақырым қашықтықтағы мәреге алғаш жеткен 11 жасар атбегіге су жаңа автокөліктің кілті табысталды. Аламан бәйгеге 17 тұлпар қатысып, 4-еуі мәреге жетті. Қатарынан оза шапқан жүйріктер Қарағанды, Ақтөбе оьлыстарынан және Жылыой мен Қызылқоға аудандарынан келген. Бас жүлдені жеңіп алған Бақторы және оның 11 жасар шабандозы Әнуар Сұңғатұлы жарыс мәресіне 1 сағат 2 минут 50 секундта келді. Жасөспірім мұндай сайысқа алғаш рет қатысып отыр.
- Бақторы жылда сайын бәйгеде шауып жүрген жылқы. Осыған дейін 3 көлік ұтты. Үстіне отырған шабандоз - туған бөлем. Қарағандыдан алып келдік. Бұл оның бірінші көлігі. Енді алда 10 көлік бұйырсын дейміз,- деді ат иесі Жандос Мақсатұлы.
Айта кетейік, 2-орын иегері ақтөбелік Әдебиет Нұрқатқа мотоцикл, 3-орынды жеңіп алған Қалқамжан Әлиге үлкен телидидар, ал мәреге 4-ші жеткен мұқырлық Тілекқали Нұрбекке ақшалай сыйлық берілді.
Сондай-ақ, қазақша күресте Маңғыстау облысының балуаны Нұрдәулет Жарылғапов өзгелерден оза шауып, 1-орынды иеленді. 2 орын мақаттық Әділет Сапарғалиевке, ал қола жүлде қызылқоғалық Сұңғат Закаряевқа бұйырды. Жүзден жүйрік атанғандарға бағалы сыйлықтар берілді.