Мақатта еркін күрестен республикалық турнир өтті

Доссор балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде Мақат ауданының Құрметті азаматы, ауданда еркін күрестің және спорт мектебінің негізін қалаушы, еркін күрестен КСРО спорт шебері, жерлесіміз Құсайынов Тлекқабыл Базарбайұлын еске алуға арналған еркін күрестен ашық республикалық турнир өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Жарыстың ашылу салтанатында алдымен мемлекеттік Әнұран орындалды. Әрі қарай аудан әкімінің орынбасары Бекәділ Жайкин Тлекқабыл Базарбайұлын еске алуға арналған еркін күрестен турнир ұйымдастыру - ауданда дәстүрге айналғандығын айтып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Құттықтаулар легін жалғаған спорт ардагері Табылды Жоламанов пен Тлекқабыл Базарбайұлының жұбайы Ағилаш Жашин де спортшыларға ізгі-тілектерін жеткізді.

Аудан әкімдігінің баспасөз қызметінен білгеніміздей, 2010-2011 жылы туған жасөспірімдер арасындағы республикалық турнирге Түркістан, Маңғыстау, Ақтөбе облысы және Жаңаөзен қаласы, Құрманғазы, Индер, Жылыой, Махамбет, Мақат аудандарынан келген барлығы 400-ге жуық спортшы қатысты.

Боз кілем шеберлері түрлі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, жарыс жеңімпаздары арнайы диплом, кубок,медальдар және арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Амандық АБДОЛ