Көшпенділер ойындарына Алматыдан келген ақсақал әсерімен бөлісті

Кемелхан Қыстаубаев -  Алматыдан дүниежүзілік көшпенділер ойындарын көруге Астанаға арнайы келген. Зейнеткер Көшпенділер ойындарының "Астана арена" стадионында өткен ашылу салтанатына қатысу үшін алдын-ала билет те сатып алған екен.

"Бұл ойындардың жас буынға әсері де, тәрбиелік мәні де ерекше. Керемет марқайып отырмын. Этноауылға арнайы келіп, жамбы ату ойынын көріп шықтым. Садақ пен найзаны серік еткен  батыр бабаларымыз, тіпті, сүйген жарына қол жеткізу үшін де, садақ атып, өздерін дәлелдеген ғой. Бұл біздің ұлттық ерекшелігіміз. Ойындарды соңына дейін көріп, Алматыға 14 қыркүйек күні қайтамын" дейді ақсақал  Кемелхан Қыстаубаев.

Еске сала кетсек, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жамбы ату спортының мажар стилінен жеңімпаздарының есімі белгілі болды

Жарыс нәтижесі бойынша, француз спортшысы Рафаэль Малет алғашқы алтын медальді жеңіп алды. Күміс жүлдені Моңғолия Алтануяг Нэргүй иеленді. Франция елінен Гаэтан Бло қоланы қанағат тұтты. Ұлттық құрама мүшесі Абзал Тұлыбеков үздік бестік қатарына енді.