Қазақстан 18 жылдық үзілістен кейін Қысқы Азия ойындарын өткізу құқығына қайта ие болды, деп хабарлайды AtyrauPress.
Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, еліміз 2029 жылы өтетін X Қысқы Азия ойындарының ресми ұйымдастырушысы атанды.
Бұл шешім Қазақстанның спорттық әлеуетін, сондай-ақ ірі халықаралық жарыстарды жоғары деңгейде ұйымдастыру қабілетін айқын көрсетеді. Бұған дейін еліміз 2011 жылғы Қысқы Азия ойындарын сәтті өткізіп, халықаралық спорт қауымдастығының жоғары бағасына ие болған еді. Аталған ойындар аясында Астана мен Алматы қалаларында салынған заманауи спорт нысандары бүгінде де тиімді пайдаланылып келеді.
Сонымен қатар Қазақстан 2017 жылы Дүниежүзілік қысқы Универсиаданы жоғары деңгейде ұйымдастырып, қысқы спорт түрлері бойынша ірі халықаралық жарыстарды қабылдау тәжірибесін арттырды. Қазіргі таңда ел аумағында қысқы спорт түрлерінен түрлі деңгейдегі халықаралық турнирлер тұрақты түрде өткізіліп келеді.
2029 жылғы Қысқы Азия ойындарын өткізу қолданыстағы инфрақұрылым базасында жоспарлануда. Осыған байланысты жаңа ірі спорт нысандарын салу қажеттілігі туындамайды. Қолда бар кешендер ойындар бағдарламасына енген спорт түрлері бойынша жарыстар өткізуге толық мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бүгінде Қазақстанда қысқы олимпиадалық 13 спорт түрі жүйелі түрде дамып келеді. Алдағы Азия ойындары бұл бағыттағы жұмыстарға жаңа серпін беріп, елдің халықаралық спорттық беделін одан әрі нығайтуға ықпал етпек.