“Infinity Koktem Fest 2023” фестивалі өтті

Атырауда “Infinity Eco Park” ұйымдастыруымен кезекті “Infinity Koktem Fest 2023” фестивалі аясында жүгіру марафоны өтті.  

Жыл қатарынан ұйымдастырылып келе жатқан жарысқа 400-ден астам тұрғын қатысты. Олар 16-35, 35-42 және 50+ жас аралықтары бойынша 5 шақырым жүгіріп өтті. Алғашқылардың бірі болып Атырау қаласы әкімінің орынбасары Ермұханов Нұржан Мақсотұлы сөз алып,барша жұртты  Наурыз мерекесімен құттықтап марафон қатсушыларына сәттілік тіледі.

«Жүгірумен айналысып жүргеніме 3 жыл болды. 2 жыл қатарынан өз категориям бойынша алғашқылардың бірімін. Керемет әсер алдым, трасса қатты, жүгіруге кішкене қиындықтар болғанына қарамастан ұйымдастыру жағы өте керемет», - деп ең алғашқы болып мәре сызығына жеткен «Western Runners» жүгіру мектебінің қатысушысы Санжар Базарбайұлы өз әсерімен бөлісті.

Жеңіс Айтбаев, КСРО спорт шебері:

«Спортпен шұғылданып бастағаныма 60 жыл болды. Ең алғаш бокс саласынан бастадым, 20 жылдан астам айналысып, КСРО спорт шебері атағын алдым. 40 жасымда Атырау қаласында жүгіруден әуесқойлар клубын аштым. 15 жылға жуық жас жігіттерді дайындап, түрлі марафондар ұйымдастырдым. Ресей, Украина, Белорусия, Латвия елдерінде өткізілген әлемдік турнирлерге қатыстық. Осы жолдағы ең басты мақсатым – жас буын өкілдерін жүгіруге, салауатты өмір салтына үйрету болды. Бүгінгі шара өте жоғары деңгейде өтті, қатысушыларды медальдармен марапаттап, құттықтады. Спорт ардагері ретінде осындай марафондар өз жалғасын таба берсін деген тілек білдіремін».

Шара қорытындысы бойынша жүзден жүйрік шыққандар марапатталып, «Infinity Fitness» фитнес клубына сертификаттарға ие болды. Марафон соңы Атырау қаласы Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясы ұстаздары мен студенттерінің мерекелік концертіне ұласты.

Айта кетейік, жүгіру тұрақты түрде 2015 жылдан бастап өткізіледі және қыркүйек  айында өтетін 2000 адамдық үлкен жүгіру марафонына  дайындық кезеңі болып табылады.

“Осы жылы марафонға 300 адамға орын ашылған болатын, алайда қазір жүгіру трендте болғандықтан тағы 100 орын ашылды және Қазақстанның түкпір-түкпірінен  онлайн жүгіруге 50 адам тіркелді”, - деді Абай Амиров.

 Гаухар Сансызбаева