Бір алтын, бір қола: атыраулық дзюдошылар ел чемпионатында топ жарды

Ақтау қаласында дзюдодан 2009–2010 жылғы жасөспірімдер арасында өткен Қазақстан чемпионатында атыраулық қос жас спортшы жоғары нәтижеге қол жеткізді, деп хабарлайды AtyrauPress.

Бұл туралы Атырау облыстық дене шынықтыру,  спорт және туризм басқармасының баспасөз қызметі мәлімдеді.

Қыздар арасындағы бәсекеде 57 келі салмақта өнер көрсеткен Жұмажан Інжу ел чемпионы атанып, кезекті рет өзінің мықтылығын дәлелдеді. Інжу бұған дейін де талай ірі додаларда топ жарған. 


Атап айтсақ, төрт дүркін Қазақстан чемпионы, Индонезиядағы Азия біріншілігінің, Португалияда өткен Еуропа кубогінің жеңімпазы. Бахрейндегі Азия ойындарының қола жүлдегері.

Ал осы салмақта сынға түскен атыраулық Молдағали Зүлфия ел біріншілігінде алғаш рет қола жүлдеге қол жеткізіп отыр. Бұл - жас спортшының үлкен ареналардағы алғашқы маңызды жетістігі.

Қазір қос спортшы 2026 жылы өтетін Еуропа және Азия додаларына дайындық аясында ұлттық құрамамен бірге Ақтауда оқу-жаттығу жиынында жүр.

- Інжу - жас та болса тәжірибесі мол, халықаралық деңгейдегі талай турнирде өз күшін дәлелдеп келе жатқан спортшы. Оның әр жеңісі - еңбектің, тәртіптің нәтижесі деп білемін. Ал, Зүлфия үшін бұл алғашқы қадам, бірақ оның да әлеуеті өте жоғары. Ең басты мақсатымыз - келесі жылы өтетін әлем және Азия чемпионаттарында топ жару. Соған бар күшімізді салып дайындалуымыз қажет, - деді жас дзюдошылардың бапкері Тұрар Ризуанов.

Айта кетейік, Атырауда дзюдо спорты қарқынды дамып келеді. Соңғы жылдары өңір спортшылары елдік, халықаралық жарыстарда жүлде алып жүр.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ