Атыраулықтар Азия чемпионатында топ жарды (+ВИДЕО)

Өзбекстанның Ташкент қаласында 2006-2007 жылғы жасөспірімдер арасында өткен Азия чемпионатында атыраулық жас дзюдошылар Зере Өтепқали 40 келі салмақта 3-орын, Ерхан Мұрат 55 келіде 2-орын, Аниса Ибатолла 70 келіде 3-орын, Дана Абдирова 57 келіде 3-орынды иеленді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

14-16 қараша күндері өткен чемпионатқа 15 мемлекеттен жалпы саны 600-ге жуық спортшы қатысса, Атырау облысынан 4 спортшы бақ сынаған болатын. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім етті. Жас спортшыларды арнайы күтіп алған Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов дзюдошыларды жетістіктерімен құттықтап, қала әкімі Шәкір Кейкіннің атынан алғыс білдірді.

- Бүгін тек Атыраудың ғана емес, барлық қазақтың абыройын көтеріп, үкілеп, үміттенген біздің жас болса да батыл мінезді палуандарымыз Азия чемпионатында небір-небір мықтылармен белдесіп, жеңімпаз болып келіп отыр, құтты болсын! Дзюдодан аға бапкер Асқар Жұмабаев шәкірттеріне жақсы тәрбие беріп, елдің аманатын, абыройын көтеріп, үлкен жетістіктерге жеткізіп келді. Балаларымыздың ата-аналарына, бапкерлерге, спорт басқармасының басшыларына Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкінұлының атынан алғысымды білдіремін. Қашан да жолдарыңыз ашық болсын! Спорт саласындағы шеберліктеріңізді көрсетіп, батыл қайсыр мінездеріңізбен жеңістіктерге жете берулеріңізді тілеймін,- деді Н.Ермұханов.

Ал дзюдодан аға жаттықтырушы Асқар Жұмабаев жарыс өте жоғарғы дәрежеде өткенін айтты. Сондай-ақ ол жерлестеріміз чемпионатқа дейін үш жаттығу өткізгенін, дегенмен барлық қарсыластары мықты дайындықпен келгенін жеткізді.

Айта кетейк, атыраулық спортшылар 2024 жылғы 24-ақпанда Түркістан қаласында өтетін ел чемпионатына қатысады.