Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ІІІ курс студенті Гүлбақыт Қайыржанова Марокко елінің Марракеш қаласында пара жеңіл атлетика бойынша әлемдік додада жүлдегер атанды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Бұл туралы atr.kz жазады. Байрақты бәсекеде 66 мемлекеттен 437 спортшы бақ сынады. Дүбірлі додаға Қазақстанның намысын қорғауға 12 пара спортшы қатысқан.
–Жарыста еліміздің көк туын желбіреткен параспортшылар жеңіс тұғырынан көрініп, 1 алтын, 5 күміс және 4 қола медальға қол жеткізді. Олардың қатарында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенті Гүлбақыт Қайыржанованың қос күміс медальға ие болуы – біз үшін үлкен мақтаныш, – дейді аталған университеттің баспасөз қызметінің хатшысы Жәнібек Қалым.
Әлемдік деңгейдегі спорттық жарысқа «Атырау облыстық пара жеңіл атлетика федерациясынан» қатысқан параатлет Гүлбахыт – білім ордасының «Логопедия» мамандығында оқиды. Ол Маррекеште өткен додада найза лақтыру мен ядро лақтыру бойынша өнер көрсетіп, қос күміс медальді қанжығаға байласа, бүгінде ол Жапонияның Кобе қаласында пара жеңіл атлетикадан Әлем чемпионатына да қатысып, 10 спортшының ішінен IV орынға табан тіреді.
– Байрақты бәсекелерге кіл жүйріктер жиналды. Сондықтан әр жарыс өз кезегінде тартысты өтті. Үздіксіз дайындықтың және бапкерім Нұрберен Әміржановтың ерекше қолдауымен осындай жеңіс тұғырынан көріндім. Алдағы өтетін спорттық бәйгелерде бұдан да биік белестерді бағындыратыныма сенемін. Оған қоса биыл тамыз-қыркүйек айларында өтетін Париж 2024 Паралимпиада ойындарына қатысуға үміткермін, – дейді Гүлбақыт Қайыржанова.