Атыраулық параспортшылар Қазақстан құрамасына мүшелікке өтті

Өскеменде өткен Қазақстан біріншілігіне еліміздің барлық облысынан шамамен елу шақты параспортшы қатысты. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.

Жыл сайын өтетін параат спортына атыраулық параспортшылар үлкен дайындықпен барған. Екі күнге созылған жарыстың нәтижесінде атыраулықтарға 2 алтын, 1 күміс жүлде бұйырып отыр.

Жеңімпаздардың барлығы «Атырау. Маленькая страна» әлеуметтік қалашығының тұрақты бенефициарлары. 14 жасқа дейінгі жеткіншектер арасында Ернұр Сатыбалды 40х20 шаршы алаңда ат үстінде мәнерлеп жүру бойынша алтын медальге ие болды. Ал ересектер арасында дебютант Аманқос Төлешов алтын жүлдеге қоса, біріншіліктің «Жеке сыйлығын» қанжығасына байласа, Айсұлтан Дюсалиев күміске қол жеткізді.

– Екі жылғы үздіксіз еңбек пен тәртіптің арқасында менің спортшыларым бүгінгідей керемет нәтижеге қол жеткізді. Үшеуі де «Атырау. Маленькая страна» әлеуметтік қалашығындағы иппотерапия сеансына келіп ем алушылар. Әрине, спортшыға тән мінез бен алғырлықты көріп, үшеуіне де өзім ұсыныс тастадым. Түйсігім алдамаған екен. Бәрі де тамаша өнер көрсетіп, екі ересек спортшым Қазақстан құрамасына өтті. Бұл мен үшін үлкен қуаныш,- деді жаттықтырушы Ерлан Күмісқалиев.

Оның айтуынша, 13 жасар Е.Сатыбалды параат спортынан биыл екінші рет чемпион атанып отыр. Жалпы бірлестік тарихында параат спорты бойынша үздік көрсеткіштер айтарлықтай. «Атырау. Маленькая страна» қоғамдық бірлестігі иппотерапия мен параспортты біріктіріп, 2020 жылдан бері параат біріншілігінен 7 алтын, 2 күміс, 1 қола ұтып алған.

Айта кетейік, «Атырау. Маленькая страна» 2020 жылдан бері Теңізшевройл компаниясының әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында жұмысын жасап жатыр. Биыл да осы жоба аясында №3 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының балалары иппотерапия курсына қатысып жүр.