Атыраулық мерген республикалық садақ ату турнирінде топ жарды

Жылыой ауданында екі күнге созылған дәстүрлі садақ атудан республикалық ашық турнир өз мәресіне жетті,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Сайысқа еліміздің 12 өңірінен, сондай-ақ Өзбекстан мен Ресей Федерациясынан келген барлығы 100-ден астам спортшы қатысты. Үш нысана бойынша өткен жарыстың қорытындысында жүлделі І орын иегерлері анықталды.

Ерлер арасында «Пута» нысанасында ақтөбелік Нұрлан Баймаханов, әйелдер арасында маңғыстаулық Мадина Мурадова үздік шықты. «Қалқан» нысанасында шымкенттік Жәнібек Құлмырзаев пен астаналық Айкөркем Батихан жеңімпаз атанды. Ал «Жамбы атудан» жерлесіміз Али Сесигюзел мен елордалық Айкөркем Батихан топ жарды.

- Садақ ату ұлттық спортымен алғашында әуесқой жағдайда айналысып, 5 жылдан бері кәсіби түрде шұғылданамын. 2024 жылы Шымкент қаласында өткен халықаралық садақ ату турнирінде дәл осы «Жамбы атудан» топ жарып, халықаралық деңгейдегі спорт шебері атандым. Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Алдағы уақытта да өңірге жеңіс әкеле беру жоспарымда бар,- деді атыраулық Али Сесигюзел.

Турнирдің жалпы жүлде қоры 4,2 млн теңгені құрап, жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен марапатталды.