Атыраулық делегация Көшпенділер ойындарының ашылуына қатысты

8 қыркүйек күні елорда төрінде V дүниежүзілік көшпенділер ойыны ресми түрде ашылды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Халықаралық додаға Қазақстан Президенті арнайы  қатысты.

"Бұл – ұлттық спорт түрлерінен өтетін әлемдегі ең ірі дода. Оны Көшпенділер олимпиадасы деуге болады. Бұл ойындар дала өркениетін жер жаһанға паш етеді. Спорт – өзара құрмет пен сыйластық символы. Спорттың басты миссиясы – халықтар достығын нығайту" деп атап өтті Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тарихи оқиғаға куә болғандар қатарында атыраулық делегация да бар.

Әлемнің 100 елінен 4000-нан астам спортшы бақ сынасып жатқан халықаралық додаға Атырау облысынан үш спортшы қатысуда. Олар - алыш күресі бойынша  Қазақстан Республикасы чемпионатының жеңімпазы Нұржан Сәрсенғалиев,  құсбегіліктен Қазақстан Республикасының спорт шебері Арман Қошқаров және дәстүрлі садақ атудан Қазақстан Республикасының спорт шебері Марат Бексұлтан.

3 спортшы, 10 елшіден тұратын атыраулық көшті  батыр, Дүниежүзілік көшпенділер ойынының жеңімпазы Сұңғат Закарияев  бастап барды.

Атап өтерлігі, "Астана Арена" стадионында өткен шараға Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, Татарстан Республикасының Раисы Рустам Минниханов, Саха Республикасының басшысы Айсен Николаев, Моңғолияның бұрынғы президенті Энхбаяр Намбарын, Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоған, сондай-ақ ЮНЕСКО, АӨСШК, БҰҰ Дүниежүзілік туризм ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы, ТҮРКСОЙ, Түркі инвестициялық қоры, Түркі мемлекеттерінің Парламенттік ассамблеясы, Ислам спорт қауымдастығы, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының басшылары, Еуропа Одағының Орталық Азиядағы арнайы өкілі және басқа да ресми тұлғалар қатысты.

Фото Телеграм worldnomadgames2024