2024 жылы облыс әкімі Серік Шәпкеновтің бұйрығымен құрылған ұлттық спорт клубында халықаралық дәрежедегі екі спорт шебері, 21 спорт шебері және 70 спорт шеберіне үміткер жаттығады. Мұнда жасөспірімдер, жастар мен ересектер қазақ күресі, садақ ату, асық ату, бәйге, аударыспақ, тоғызқұмалақ және жекпе-жек бойынша дайындалады,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жасөспірімдер аптасына бес, жастар мен ересектер алты күн жаттығады. Спорт клубында үлкен нәтиже көрсетіп, болашағынан үміт күттіретіндер де баршылық. Қазақ күресінен Азия чемпионатының жеңімпазы Аружан Жандарбай, тоғызқұмалақтан әлемнің қола жүлдегері Мадина Есқайыр, тоғызқұмалақтан Ақбидай ауыл ойындарының жеңімпазы Арайлым Құсайынова және кешенді Ұлттық спорттан Ақбидай ауыл ойындарынан бірнеше жеңімпаз бен жүлдегерлер шыққан.
Ат спортының аударыспақ пен бәйге түрлері Қызылқоға ауданында клубтың бөлімшесі ретінде жұмыс істейді. Ал тоғызқұмалақ пен асық ату мектептермен жасалған келісім негізінде білім беру ұйымдарында өткізіледі. Бұл спорт түрлеріне мектеп оқушыларының қатысу белсенділігі жоғары.
⁃ Клубымызда ұлдардан бөлек қыздардың да белсенділігі жақсы, мысалы садақ атуға қыздар жағы көп қатысады. Биыл наурызда садақ атудан Азия чемпионаты және ересектер арасында қазақ күресінен Қазақстан кубогі өтеді. Тоғызқұмалақтан 15-17 жас аралығындағы жасөспірімдерге Қазақстан біріншілігі ұйымдастырылады. Осы додаларға қатысатын спортшыларымызға сәттілік тілеймін, - деді облыстық Ұлттық спорт клубының басшысы Асылбек Қалиев.
Ұлттық спорт клубында 20 жаттықтырушы жұмыс істейді. Олар жыл сайын республикалық оқу орталығында өтетін семинарлар мен біліктілікті арттыру курстарына қатысып, психологиялық және физиологиялық дайындық әдістерін меңгереді, сондай-ақ спорттағы жаңа ережелерді үйренеді.
⁃ Садақ атумен екі жылдан бері айналысамын. Ол үшін физикалық күш, одан бөлек ішкі психологиялық тұрақтылық, төзімділік керек. Мергендік қасиетті жүре келе де дамытуға болады. Ең бастысы өзіңе техника қалыптастыру және бір жасаған қателікті қайталамау қажет. Мақсатым көп. Солардың бірі Қырғызстанда өтетін VI Дүниежүзілік көшпенділер ойынынанда топ жару, - деді Садақ атудан ҚР чемпионы Жәнібек Саламатұлы.