Атырауда шинкиокушинкай каратэден ел чемпионаты өтті

Жасөспірімдер мен жастар арасында өткен дүбірлі додаға еліміздің 17 өңірінен 800-ге жуық спортшы қатысты, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім етті. Облыстық шинкиокушинкай каратэ федерациясының жаттықтырушысы Алмас Төлеуов бұл жарыс жасөспірімдер арасында спорт түрлерін насихаттап, шеберліктерін жетілдіру мақсатында ұйымдастырылғанын атап өтті.

- Биыл жарысқа Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Ақмола, Алматы, ШҚО, СҚО, Абай, Қостанай, Павлодар, Жамбыл, Ұлытау, Қарағанда, Маңғыстау, Жетісу, Қызылорда олыстары мен Атырау облысынан спортшылар қатысты. Олар 56 салмақ дәрежесі бойынша өнер көрсетті. Бұл іс-шараны өткізудегі басты мақсатымыз – жасөспірімдер мен жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастырып, олардың спорттық шеберліктерін шыңдау, - деді А.Төлеуов. 

Жарыс нәтижесі бойынша Астана қаласынан келген спортшылар 25 алтын, 10 күміс, 12 қоламен 1-орынды, Абай облысының қатысушылары 5 алтын, 8 күміс, 18 қолмамен 2-орынды иеленді. Ақмола облысының жастары 5 алтын, 7 күміс, 18 қоламен 3-орынға жайғасса, Атырау облысының спортшылары 2, алтын, 4 күміс, 8 қолаға қол жеткізді.