Атырауда Халықаралық әйелдер күні қарсаңында жүгіру марафоны өтті

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Атырауда әйелдер арасында «Спорт – нашақорлыққа қарсы» ұранымен жүгіру марафоны өтті, деп хабарлайды AtyrauPress.

Спорттық шараны Run Club Atyrau жүгіру клубы мен Атырау облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы ұйымдастырды. Марафонға 18 бен 35 жас аралығындағы 250-ден астам қала тұрғыны қатысып, 3 және 5 шақырым қашықтықта бақ сынады.
Шараның басты мақсаты – спорт арқылы салауатты өмір салтын насихаттау, әйелдердің денсаулығын нығайту және оларды спортқа кеңінен тарту. Қатысушылар өздерінің төзімділігі мен шапшаңдығын көрсетіп, белсенді өмір салтын дәріптеуге үлес қосты.

Жарыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар алтын, күміс және қола жүлделермен марапатталды. Жеңімпаздарға Атырау облысы полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы атынан бағалы сыйлықтар табысталды.

— Бүгінгі марафон – нәзік жандардың белсенділігі мен өмірге деген құштарлығын көрсететін игі бастама. Мұндай шаралар әйелдердің денсаулығын нығайтып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал етеді. Барша нәзік жандарды көктемнің шуақты мерекесі – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймын, — деді Атырау облысы полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Айбол Ідірісов.

Айта кетейік, марафон «Заң мен тәртіп» жобасы аясында ұйымдастырылып, қоғамда нашақорлықтың алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталды.