Атырауда «Құрмет» орденінің иегері, қарымды қаламгер, Қазақстан Жазушылар және Қазақстан журналистер одағының мүшесі Төлеген Берішбайдың 75 жас мерейтойына арналған БАҚ қызметкерлері арасындағы футзалдан облыстық турнир өз мәресіне жетті, деп хабарлайды AtyrauPress.

Жарыс Облыстық денешынықтыру, спорт және туризм басқармасының қолдауымен, «Атырау-Ақпарат» медиахолдингінің ұйымдастыруымен өтті.

Ашылу рәсімінде «Атырау-Ақпарат» бас директорының орынбасары Серік Қабдулов, медиахолдингтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрлан Қабылов, сондай-ақ бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Қаршыға Көшеков құттықтау сөз сөйледі.
Нұрлан Қабылов өз сөзінде Төлеген Берішбайдың ақпарат саласына сіңірген еңбегін атап өтіп, ардагер қаламгерге құрмет көрсеткен шараны ұйымдастырушы "Атырау-Ақпарат" ЖШС басшылығына алғысын білдірді.
Мерейтой иесі Төлеген Берішбай да қатысушыларға ризашылығын жеткізіп, командаларға сәттілік тіледі.
Турнирге Атырау облысының БАҚ қызметкерлерінен құралған «Атырау-Ақпарат», «Тауман», «Аудан-Ақпарат», «Тауман», «Тexol». командалары қатысты.

Турнир қорытындысы бойынша 1 орынды «Техоl» (150 000 теңге), 2 орынды «Қаламгер» (100 000 теңге), 3 орынды «Аудан-Ақпарат» (70 000 теңге) командалары еншіледі. Қалған екі командаға 30 000 теңгеден ынталандыру сыйлығы берілді.

Үздік ойыншыларға алғыс хаттар мен қаржылай сыйлықтар табыс етілді.
Атап айтсақ, Амантай Илиев "Қырағы қақпашы" атанса, Алмас Текешев "Тас қамал қорғаушы" аталымына ие болды. Ең көп гол салған Мейрамбек Нагимов "Сұрмерген", ал "Үздік ойыншы" номинациясына Данияр Мұханбетов лайық деп танылды.

Сонымен қатар, БАҚ қызметкерлері арасында салауатты өмір салтын насихаттаған сала қызметкерлеріне кәсіподақ ұйымының алғыс хаттары мен ақшалай сыйлықтары ұсынылды.


Олардың қатарында Қанат Елеуов, Нұрислам Ғұмар, Қайсар Жетпісбаев және Дәулет Иманғалиев бар.



Айта кетейік, соңғы жылдары атыраулық БАҚ футболшылары республикалық доп додаларынан бірнеше мәрте жүлдегер атанып, аймақ абыройын асқақтатып келеді.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ.